×

Назарбаевтар әулеті пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алды - Ермұрат Бапи

Ол осы қиянаттың саяси астары бар деп отыр

Назарбаевтар әулеті пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алды - Ермұрат Бапи
parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Назарбаевтар әулетінің өкілдері Қарасай ауданына қарасты бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алғанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Біз – депутаттар мына жақта ақтер-көктер болып, Қазақстан халқынан ұрланған, талан-таражға түскен активтерді елге қайтаруға қатысты заңды қабылдап жүрміз. Сол тұста Алматы жақта «ескі» Қазақстанның Назарбаевтан қалған жебірлері мен жемқорлары қарапайым халықты қанауды жалғастырып жатыр. Нақтылап айтқанда, Назарбаевтар әулетінің өкілдері – Нұрбол Болатұлы Назарбаев, Қайрат Сатыбалды мен Ахметжан Есімовтің нөкерлері және «Қаңтар генералы» Серік Күдебаев Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алған», – дейді Ермұрат Бапи.

Оның айтуынша, бұлар пайшылардың 274 гектар үлесін өз адамдарының атына құрылған Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге рәсімдеп, Қазақстанның заңын озбырлықпен бұзған. 

«Екі мыңнан астам пайшылардың заңды үлесін «ИЖС»-қа айналдырып, оның едәуір бөлігін сатып жіберген», – дейді депутат.

Ол осы орайда қолына тиген барлық құжаттардың көшірмесін бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдайтынын айтты. 

«Алматы облысы мен Қарасай ауданының прокуратура органдарынан әділет таппай, озбырлықтың құрбаны болған, шырылдаған халықтың қағазға тамған көзжасын оқып көріңіз. Бас прокурорлық құзырлы міндетпен бірге, таза азаматтық ниетпен көңіл қоятын болсаңыз, «етегіңіз жасқа толады», бұл көпе-көрнеу қиянаттың жай-жапсарына көзіңіз әбден жетеді деп ойлаймын», – дейді мәжілісмен.

Ол пайшылар арызынан қысқаша ғана бір мысал келтірді. Осы қиянаттың саяси астары бар деп отыр. 

«Саяси дейтін себебім – жазықсыз елдің заңды жерін тартып алған осы озбырлардың кланы мен олардың жандайшаптары Қарасай ауданында әлі де сайран салып жүр. Жергілікті прокуратура мен полиция зарлаған халықтың емес, тойымсыз, тажал кланның мүддесін қорғауда. Пайшыларға араша түскен адвокат Ләззат Жапашеваны және бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауыты қызметшілері кооперативінің төрайымы Әмина Жеңісбекованы «алаяқтық жасады» деген жалған айыппен екі айға қаматып тастады. Пайшылардың наразылық шағымын жазып, жоғарғы органдарға ұжым атынан арызданып жүрген Абылай Қожа деген жігітті үйінен ұстап әкетіп, абақтыға тыққан», – дейді Ермұрат Бапи.

Ол кооператив пайшыларының сот пен әділеттілік орнатуға қажет құжаттарын Қарасай ауданының полицайлары мен прокуратурасы тартып алып қоймасын деп, жасырып жүрген Мәлік Ұзақов деген азаматқа іздеу жарияланып, ол бүгінде бассауғалап, қарасайлық полициядан тығылып жүруге мәжбүр болған деп айтты.

«Ай мен күннің аманында үлеске берілген жерінен айырылған пайшылардың өкілдері, жиыны 20 шақты адам, әділет іздеп, арашаға түсуді сұрап, екі ай бұрын маған Астанаға келген еді. Олар Назарбаевтар кланы талан-таражға салған жерден «қалған 274 гектардың жартысын мемлекетке қайтарайық, бізге жартысын заңдастырып берсе болғаны» деп, жергілікті билікпен компромиске баруға дайын екендіктерін мәлімдеді», – дейді депутат.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →