"Проектінің" жазуынша, 81 олигархтың 80-і санкцияға ілінген
Forbes журналының соғысқа дейінгі "Ресейдің ең бай 200 бизнесмені" тізімінде тұрған кем дегенде 81 адам Ресей әскерін жабдықтауға ашық қатысқан. Бұл мәліметті "Проектінің" "Пссы войны" деп аталатын зерттеуінен көруге болады. Зерттеуде Украинадағы соғыста Ресей олигархтарының рөлі қандай екені айтылады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.
Басылым мәліметіне қарағанда, бизнесмендердің Ресей қорғаныс министрлігімен жасаған ашық келісімшарттарының жалпы сомасы Украинаға басқыншылық басталғалы бері - 2014 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта 220 миллиард рубльге жеткен.
"Проектінің" жазуынша, 81 олигархтың 80-і санкцияға ілінген. Алайда олардың 14-іне ғана Киевті қолдайтын елдер санкция салған. 34 бизнесменге тек Украина санкция жариялаған.
Зерттеуде журналистер Алексей Мордашов ("Северсталь"), Владимир Потанин ("Норникель"), Вагит Алекперов ("Лукойл"), Михаил Фридман (LetterOne), Роман Абрамович (Millhouse), Геннадий Тимченко ("Новатэк"), Әлішер Усманов (USM), Юрий Ковальчук (Банк "Россия"), Аркадий Ротенберг ("Мостотрест") секілді белгілі олигархтардың аты-жөндерін көрсеткен.
Зерттеушілер тек бір олигарх - Тинькофф Банк негізін қалаушы Олег Тиньков қана Ресей әскері Украинаға жаппай басып кірген соң Кремль саясатына қарсы шықты деп атаған. Ол Ресейде жүргенде Владимир Путинді қолдайтынын, өмір бойы президент, тіпті император болғанын қалайтынын айтқан. 2022 жылы қазан айында Тиньков "Путин фашизміне ортақ болғысы келмейтінін" мәлімдеп, Ресей азаматтығынан бас тартқан. Бір апта бұрын Ұлыбритания Тиньковтан санкциясын алған.
Ресей қарулы күштерін қаржыландырып отырған өзге олигархтардың бәрі "бір жарым жылдан бері ауыздарына су толтырғандай үнсіз" қалған. Олардың кәсіпорындары Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне аса үлкен көлемде тауар жеткізіп, Украинаның бейбіт азаматтарын өлтіретін зымыран, бомба мен оққа қажетті тауармен қамтамасыз етіп отыр,– дейді зерттеуде.
"Соғысты қолдап, сонысы үшін қаржы алып отырған бизнесмендер біздің базамыздағыдан әлдеқайда көп, өйткені 2017 жылдан бастап Ресей әскери мақсаттағы келісімшарттарды барынша құпиялауға көшкен" деп жазады зерттеу авторлары.