Депутаттың «алаяқтық жасап жүргендердің 80 пайызы намаз оқитындар» деген сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың «алаяқтық жасап жүргендердің 80 пайызы намаз оқитындар» деген сөзі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Ол Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында бұлай айтуының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ресми статистика қайда деп жатқандар бар. Оны сұратуға болады. Тергеу орындарында мінездеме жасайды ғой.Солардан сұратып алсақ болады. Бұл бар факті. Қаржылық пирамида сияқты алаяқтық жасап жүргендердің көбісі діннің атын жамылып жүргендер. Негізі мұны мен айтқанымда емес, неге солай тарағанында болып тұр. Өйткені бізде дін тақырыбын сылтау етіп, бүлік жасағысы келетіндер бар. Оларға неғұрлым шу керек. Осыған дейін дайындалып келді. Бірінші хиджабтан бастады. Бұл тақырып жылда көтерілетін, бірақ басылатын, биыл неге басылмай жатыр? Неге бұл үкіметтен шешімін таппай жатыр, өзің ойлашы. Себебі қазіргі таңда бұл әңгіме керек болып тұр», – дейді Ринат Зайытов.
Ол өзінің 85 мың жалақыға байланысты қолдаушылар көбейгенін, Ринаттың айналасында аудитория көп, бәленбай миллион қаралымы бар, демек Ринат қазір аузын ашса, бүкіл адам соған назар аударады деп ойла ғандықтан осындай қадамға барды деп отыр.
«Сосын «Намазхандардың 85 пайызы алаяқ» деп тақырып қойды да, ортаға тастай салды. Дінге шын жаны ашитын адамдар, домбыра харам дегеннен гөрі Исламның атына, дінге кір келтіріп жүрген топтарды түзеп алуы керек. Шын мәнінде бұл бар дерек. Мен ақталмаймын, 80 пайыз дегенім - – мен көрген 10 оқиғаның 8-і деген сөз, яғни сол онның сегізін жасаған алаяқтар намазхандар», – дейді депутат.