Сонымен қатар депутат Қорғас кеден бекетінде бондты қойманың жоқтығына назар аударды
Депутат Бақытжан Базарбек Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазпошта басшылығынан кезінде «Қазпоштаға бөлінеді» деген 18 млрд теңгенің сұрауын сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Әсел Жұбанқызы сізді мына жерде барлығы мақтап жатыр. Мен де мынадай қысқа үш сұрақ бар. 2022 жылы бізде заң қабылданды. Оған сәйкес, бюджеттен Қазпоштаға үш жылға 18 млрд теңге бөлінді. Жылына 6 млрд теңге. Ол ақша қайда? Менің ақпаратым бойынша ол ақша Қазпштаға түскен жоқ. Заң қабылданды», - дейді Бақытжан Базарбек.
Депутат екінші сұрағында Қорғас кеден бекетінде бондты қойманың жоқтығына назар аударды. Ал Қазпошта басшысы отырыста сервистік қызметтерді іске қостық деп есеп берген.
«Менің ақпаратым сіздікімен қарама-қайшы. Үшіншіден, Түркістанда цифрлық кеңселеріңіз бар. оған миллиардтаған ақша бөлінді. Ғимараты бой көтерді. Бірақ ол ғимарат инженерлік жүйелерге қосылмаған. Жобалық-сметалық құжаттамасында бірталай кемшілік бар. Керек десе рұқсатсыз соғылған. Ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Неге?» - деп үшінші сұрағын түйіндейді депутат.
Әсел Жанасова бірінші сұрақты сол отырыста бірге қатысқан Цифрлық даму вице-министрі Әсет Тұрысовқа бағыттайды. Әсет Тұрысов өз жауабында Қазпоштаның аудан-ауылдардағы 2 мың бөлімшесі егов және ХҚО арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді көздеп отыр.
«Осыған байланысты бүгінгі таңда 6 млрд теңге емес – Қазпоштаның 200 бөлімшесіне 323 млн теңге бөлінген. Келесі жылы тағы да 100 бөлімше қосылатын болады. Бүгінгі таңда 8900 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Келесі жылы жоспарда осы бөлімшелерді 2 мыңға дейін жеткізу көзделген. Осыған орай өзіміз ХҚО бөлімшелерін және Қазпоштамен бірге шығынды азайтып, осы сұрақты жабамыз», - дейді ол.
Осыған келгенде Бақытжан Базарбек Әсет Тұрысовқа қазақ тілінде сұрақ қойғанын ескертеді.
«18 млрд теңге қайда? Заң қабылданды. Керек десеңіз заң нормаларын атап өтейін. 18 млрд 3 жылға бөлінді. Сіз миллиондар туралы айтып отырсыз. 18 млрд теңгенің 6 млрд теңгесі жыл сайын бөлінуі керек. Сіз 300 млн теңге деп тұрсыз. 18 млрд теңге қайда?» - деп сұрайды қайтадан Базарбек.
Әсет Тұрысов жауабын орыс тілінде жалғастырады.
«РБК-мен келісімге сәйкес, 323 млн теңге бөлінді. Себебі пилотты режимде 100 «собс» іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы жүзі іске қосылады. Заң жобасы келген кезде әлеуетті қуаттылығы 2 мыңға жуық собсты қамтитыны айтылған еді. Соларды қаржыландыру арқылы бөлімшелерімізді оңтайландырамыз деп ойладық. Сома РБК-ға сәйкес бөлінген. Қағаз жүзінде биыл 323 млн теңге бөлінгенін растай аламыз. Біз 6 млрд теңге деген кезде заң жобасын қараған тұста 2 мың бөлімшенің құны 6 млрд теңге болады деп болжағанбыз», - дейді ол.
Депутат Базарбек парламент арқылы министрлік 18 млрд теңге сұрағанын еске салды.
«Жылына 6 млрд теңгеден 18 млрд теңге деп едіңіздер ғой!» - дейді Бақытжан Базарбек.
Осы кезде сөзге отырысты жүргізіп отырған Еділ Жаңбыршин араласады.
«Эмоция берілмейік. Сіз (Әсет Тұрысовқа) қойылып отырған сұраққа жазбаша түрде жауап беріңіз. Бұл ақпаратты екі комитеттің де төрағасына беріңіздер. Біз өзіміздің комитет мүшелерін таныстырайық. 18 млрд теңге бар ма? 6 млрд теңге жылына бөлінді ме? Бөлінбесе неге бөлінбеді? Неге мұндай сұрақ туып жатыр?» - дейді Еділ Жаңбыршин.