×

«85 мың теңге», «Өмір деген – жизнь». 2023 жылы сөзден сүрінген шенеуніктер

Аңдамай сөйлеп, көпшіліктің ашуын келтіргендер

«85 мың теңге», «Өмір деген – жизнь». 2023 жылы сөзден сүрінген шенеуніктер
коллаж Qaz365.kz

Өтіп бара жатқан жылда ел алдында жүрген шенеуніктер арасында басы дауға қалғандар жетерлік. Министрі, депутаты, әкімі де бар. Аңдамай сөйлеп, көпшіліктің ашуын келтіргендер кімдер? Qaz365.kz тілшісі қоғамда ең көп талқыланғандарын тізіп шыққан болатын.  

Ел алдында жүрген ақ жағалылардың аузынан шыққан әрбір сөзі қашанда дүйім жұрттың назарында. Алда-жалда аңдамай сөзден сүріне қалса, басымен жауап беретінін біледі. Бірақ сонда да сөзден «авария» болып жатқандары жетерлік.

85 мың теңге өмір сүруге жетеді – вице-министр

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев кітапхана қызметкерлерімен кездесу барысында 85 мың теңге адамның өмір сүруіне жетеді деген болатын. Бұл қоғамда қызу талқыланды. Халықтың ашуын тудырды.

«85 мың теңге жетеді» деген ведомство өкіліне Ринат Зайытов бір отбасының шығынын есептеп берген де болатын.

Дені сау адамға жеңілдетілген ипотека қажет емес – министр

Жақында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «Дені сау адамға жеңілдетілген ипотека қажет емес» деп бір шулатты. Оның айтуынша, дені сау адам мен еңбекке қабілетті қазақстандық мемлекетке үміт артпай, жұмыс істеп, ақша жинауы тиіс.

«Біріншіден, егер сіздің деніңіз сау әрі жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз болса, онда пәтеріңізге деп ақша жинауыңыз керек. Әркімде түрлі жағдайлар болатынын түсінемін. Бірақ мемлекет тұрғысынан қарастыратын болсақ, мүмкіндігі шектеулі балалар немесе жұмыс істеуге қабілетті әрі ақша таба алатын адамдардың біреуіне басымдық беру керек десе, кешірерсіз, онда мен мүгедек балаларды таңдайтын боламын. Бұл позицияны біз қолдауымыз керек деп есептеймін. Сіз тағы да жеке бағдарлама ашу керек деп отырсыз. Ондай бағдарламалардың саны жеткілікті. Бұл мәселедегі ең дұрыс шешім қаржылық тұрғыдан сауатты болып, қаражат жинау қажет. Сонымен қатар қолданыстағы бағдарламалар аясында ипотека алуға тырысу керек», – дейді Қанат Шарлапаев.

 

Қазақстандағы интернет жылдамдығы Токиодан озды – Бағдат Мусин

 Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де әдемі сөйлегенді жақсы көреді. Ол бір Үкімет отырысынан кейін Қазақстан интернет жылдамдығы жөнінен жапондардың өзіне үлгі болатын дәрежеде екенін айтып қалды.

 «Speedtest халықаралық рейтингі Астананың 35 сатыға жоғарылағанын, яғни 35 қаланы басып озғанын көрсетіп отыр. Біз қазір Токионы да басып оздық», – деп саспай жауап берген болатын министр.

 

«Алаяқтардың 80 пайызы – намазхандар» – Ринат Зайытов

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың «алаяқтық жасап жүргендердің 80 пайызы намаз оқитындар» деген сөзі елдің бәріне бірдей ұнаған жоқ. Әсіресе, намаз оқитын азаматтардың біразының көңіліне тисе керек. Балғынбек Имашев секілді әріптестері бірден өре түргелді. Кейін депутат тілшілерге сұхбат беріп, белгілі бір топтар өзінің сөзін бұрмалап, ал бұл көпшілікті әдейі қарсы қоюға бағытталған әрекет екенін айтады.

«Себебі олар «85 мың теңгеге қатысты айтқанына байланысты Ринаттың айналасында аудитория көп, бәленбай миллион қаралымы бар, демек Ринат қазір аузын ашса, бүкіл адам соған назар аударады» деді. Сосын «Намазхандардың 85 пайызы алаяқ» деп тақырып қойды да, ортаға тастай салды. Дінге шын жаны ашитын адамдар, домбыра харам дегеннен гөрі Исламның атына, дінге кір келтіріп жүрген топтарды түзеп алуы керек», – дейді Ринат Зайытов.

«Өмір деген жизнь» – Руслан Жақсылықов

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың да отыз тісінен шыққан сөзі отыз рулы елге тарап кетті. Мәжілісте журналист Өркен Жоямергеннен: «Бауырым, сенің өзің армияда болдың ба?» – деп сұрайды. Журналист: «Вьетнамда болдым», – деген. «Бауырым, басты қатырмашы», – деп кете барады министр.

«Өмір деген жизнь. Өмірде бәрі болады. Адамдармен жұмыс істегендер ештеңеден қорғалмайды. Бірақ Қарулы Күштердің басшылығы жағымсыз жайттарға жол бермес үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», – дейді министр.

Былтыр Руслан Жақсылықов журналист Бақытнұр Әлібайға «өкпелесең, көшіп кет» деп бір шулатқан.

«Біздің журналистер – қолтырауын» – Самат Нұртаза

Мәжілісмен Самат Нұртаза 10 мамырда Парламентке бара жатып, желіге жазба қалдырады. Жануарлар әлемін жақсы көретін «халық қалаулысы» тілшілерді қызды-қыздымен қолтырауынға теңеп жібереді. Жыртқыш жануар Мара өзенінің ең таяз жерінде зебра мен гнуды күтіп отыратынынан әсер алған депутат сұхбат алуға асығатын тілшілерді де жемтігін күткен сол қолтырауынға теңеп жазыпты. Тілшілерге мұндай теңеу, әрине, ұнаған жоқ. Кейін өзі кешірім сұрады, содан кейін сұхбат бермейтінін айтты.

«Қалжың түсінбесеңіздер, кешірім өтінемін. Адамзаттың өмірінде хайуанатпен, табиғатпен байланыстар өте көп. Сол жағынан салыстырмалы түрде оқырмандарыма жаздым. Қалжың түсінбесеңіздер, бұл жағдай енді қайталанбайды», – деді депутат.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Ақырын жүріп, анық бас» саясаты: Өзбекстан ЕАЭО-ға енетін алтыншы мемлекет бола ма
Бүгін, 11:30

«Ақырын жүріп, анық бас» саясаты: Өзбекстан ЕАЭО-ға енетін алтыншы мемлекет бола ма

Өзбекстанда Ресей капиталдың қатысуымен үш мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді
Ертең Қазақстан астанасында ШЫҰ елдері қорғаныс министрлерінің кездесуі өтеді
Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі
Оның өзге әріптестері бұл пікірмен келіспейді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →