×

Мыңдаған адам табыссыз қалды: Үкімет Семейде өртенген «Ақшың» базарындағы кәсіпкерлерге көмектесе ме

Қазір өрттің себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Мыңдаған адам табыссыз қалды: Үкімет Семейде өртенген «Ақшың» базарындағы кәсіпкерлерге көмектесе ме
Фото: видеодан кадр / primeminister.kz

Бұл сұрақты журналистер бүгін Үкімет басшысының орынбасарлары Роман Скляр мен Тамара Дүйсеноваға қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Кеше Семейдегі ең ірі базар «Ақшын» өртеніп кетті. Салдарынан 1 мыңнан аса семейлік жұмыссыз қалды. Тұрғындар базардың иесі келген шығынды өтемейтінін айтып, шағымданып жатыр. Мәселені шешу үшін Үкімет резервінен қаржы бөліне ме?» – деп сұрады журналист Үкіметтің баспасөз орталығында Тамара Дүйсеновадан.

Премьер-министрдің орынбасары онда арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын, олар өрттің себебін анықтайтынын айтты. 

«Базар иесінің немқұрайлылығы себеп болды ма, әлде басқа себептер бар ма? Мәселенің (нақты) себебін анықтағасын, ол комиссия отырысында қаралатын шығар. Екіншіден, облыс әкімдігінің маған берген мәліметіне сәйкес, (оқиға орнында) базардың иесі жұмыс істеп жатыр. Қазір өрттің себебі мен (базардағы) әрбір адамға келген залалдың көлемін анықтау керек. Комиссия шешімінен кейін ғана (көмек беру мәселесі) қаралады», – деді ол.

«Қазір адамдарға отбасыларын асырау керек қой. Олар қалай күн көреді?» – деп сұрады журналист. Дүйсенова әрбір адамға келген шығын көлемін анықтамай жатып ештеңе дей алмайтынын білдірді.

«Сондықтан өрттің себебін анықтау керек. Оған кім жауап береді? Екіншіден, келген шығынның көлемін анықтау керек. Содан кейін қолдау көрсету мәселесі қарастырылады. Алайда (өрттен зардап шеккендерге) жаңа жұмыс орнын беру жұмысын әкімдік пен базардың иесі бастады. Толық ақпаратты сізге кешке бере аламын», – деді ол.

«Үкімет резервінен зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржы бөліне ме?» деген сұраққа Тамара Дүйсенова ол туралы айтпағанын жеткізді. Осы кезде сөзге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр араласып, заң тарапынан (ондай көмек) қарастырылмағанын жеткізді. 

«Қазір өртті әлі сөндірген жоқ. Тамара Қасымқызы шығын есептеліп жатқанын айтты. Содан кейін арнайы комиссия тиісті шараны қабылдайды. (Базардың) иесі де көмектесуі керек», – деді Роман Скляр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →