Бергей Рысқалиевты әзірге елге әкелу мүмкін емес
Еліміздің Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев Мәжіліс кулуарында әлеуметтік желіге суреті тараған Бергей Рысқалиев пен Аслан Мусинге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, Бергей Рысқалиевты әзірге елге әкелу мүмкін емес.
«Қазақстанда сотталған Бергей Рысқалиев қалайша Лондонда емін-еркін жүр? Оларды ұстау жұмыстары жүргізілмей ме?» – деп сұрады тілшілердің бірі.
Бас прокурордың орынбасары Бергей Рысқалиевке сырттай үкім шыққанын, алайда Ұлыбритания мен Қазақстан арасында оны экстрадациялау бойынша ешқандай келісім жоқтығын айтты.
«Біздің органдар келісім болмайынша әзірге ештеңе істей алмайды. Ресми сауал жолдаңыздар. Бәлкім, мұндай өтінімдер жіберілген де шығар. Бірақ оның қалай орындалғанын білмеймін», – дейді Әсет Шындалиев.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіге Бергей Рысқалиев пен Аслан Мусиннің Лондонда бірге түскен фотосы тараған.
2019 жылдың қаңтарында Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, экс-депутат Аманжан Рысқалиевке қатысты сот үкімі шыққан. Экс-әкім 17 жылға, оның ағасы 16 жылға бас бостандығынан айырылған, әрі олардың мемлекетке келтірілген шығыны 72 миллиард теңгеге бағаланған.
Бергей Рысқалиев пен Аманжан Рысқалиев 2012 жылы елден шығып кеткен. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.