×

«Абылай хан - есімін бір облысқа берерлік кесек тұлға»: Зиялы қауым Щучье қаласы атауының өзгеруіне қатысты не дейді

«Қай қазағыңмен ақылдасып еді?!»

«Абылай хан - есімін бір облысқа берерлік кесек тұлға»: Зиялы қауым Щучье қаласы атауының өзгеруіне қатысты не дейді
Qaz365.kz коллажы

Таяуда ғана әлеуметтік желіде Щучинск қаласы Абылай хан болып өзгертіле ме деген сөз шығып, қоғамның талқысына түскен. Әлбетте, бұл бастаманы қолдайтындар да, оған өре түрегеліп қарсы шығатындар да біздің елде табылады. Осы ретте тарихшы, қоғам қайраткері не дейді? Qaz365.kz тілшісі біразының пікірін сұрап білген еді.

«Уақыт бізге жұмыс істеп тұр»

Аманай Сейітқасымов, Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі:

– Егемендік алғалы бері ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, ұлттық идеологиямызды жүргізуге тырысып жатырмыз. Қала, көше, елді-мекен атауларын қазақшалайтын уақыт келді. Себебі, кеңестік кезеңнен қалған атаулардан әлі күнге дейін отарлау саясатының желі есіп тұр. Бірақ, алдымызда кесе-көлденең жатқан мәселе бар. Қазір елді-мекендер мен қалаларға кісі аттарын беруге үкімет мараторий жариялап қол-аяғымызды байлап отыр. Бұл жағдайда Щучинск қаласын Абылай хан деп өзгертуіміз қаншалықты заңды болады? Және олай істей аламыз ба? Әрине, біздің Абылай ханымыз бір көшеге, бір қалаға немесе, облыс ауқымына сыймайтын кесек тұлға. Одан ештеңемізді аяп тұрғанымыз жоқ.

Біз көшелеріміздің атарын ауыстыру арқылы тарихымыздан қашып жатырмыз деу қате пікір. Мәселе, тарихтан қашу емес қой. Берідегі кеңестік кезеңде, әрідегі Ресей империясының отарлау кезінде елді-мекендер тұрмақ, өзен-көл, тау-тасымыздың аты өзгеріп шыға келген жоқ па?! Қазіргі біздің мақсатымыз тарихи әділдік орнатып, өзінің атам заманғы атауларын қайтару. Ол жерлердің де қазақи этимологиясы, аномастикасы болды ғой. Сондықтан мұны тарихтан қашу, тарихымызды жою деп емес, қалпына келтіру деп атаған дұрысырақ. Бұл үрдіс басталып кетті, ерте ме кеш пе бәрі қалпына келеді. Біреулер Ресейде ондай құбылыс жоқ дейді. Олай емес! Ресей Санкт-петербургтен бастап бүкіл Горький, Куйбушев, Сверлов, Калинин бәрін алып тастады. Украина мен Балтық елдері де, Кавказ елдері мен Орта Азия елдерінің бәрінде бар мұндай жағдай. Әттең біздің геосаяси жағдайымыз қиындау болып тұр. Солтүстік бар, орталық бар, шығыс бөлік бар... Этникалық құрамымыз да күрделі. Дегенмен де бәрі уақыттың еншісінде. Уақыт бізге жұмыс істеп тұр.

Біздің бір кемшілігіміз – көбіне қазақ аудиториясымен жұмыс істейміз. Орыс тілді аудиторияны өзімізге тартуымыз керек. Солардың ішінен өз блогерімізді, патриоттарымызды тәрбиелеуіміз керек. Тіл жанашырларын да дайындауымыз керек. Соларды сөйлетуіміз қажет. Баяғы Гер аға – Герольд Белгер секілді, Князьев секілді тұлғалар қалыптастыруымыз керек. Князьев баяғы тәуелсіздік туралы декларацияға дауыс бергенде бүкіл славьян тілді депутаттар қарсы болғанда парламентте (ол кезде жоғарғы кеңес) жалғыз қолдап шыққан. Ел ішінде қазір де бар сондай патриоттар. Кешегі Тина Канделакиге де қарсы шығып жатыр ғой. Солармен жұмыс аздау бізде. Олардың ортасына біз бармаған соң басқалар барып, ол ортаны өздеріне бұрып әкетіп жатыр. Сол жағын ойлану керек. Мен осы мәселені жүрген жерімде айтып жүрмін.     

«Қазір тарихи атауларды қайтару мәселесінде қиындық бар»

Бақыт Смағұл, журналист, Ақмола облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Қазір тарихи атауларды қайтару мәселесінде қиындықтар туындап отыр. Себебі, аномастика заң уақыт табалына сай келмей тұр. Жергілікі тұрғындардың дауыс беруі арқылы басым түскен жақтың пікірімен санасатын болдық. Сондықтан мен ойлаймын, ең бірінші аномастикалық заңды өзгерту керек. Ол заң – елді-мекендердің  ұлттық, тарихи атауын қайтаруға жол ашу керек. Себебі, екіге жарылған халықтың пікірімен біз үлкен даудамай туғызуымыз мүмкін. Заң өзгерсе, бәрі қалпына келуі тиіс. Ал, енді Абылай ханның есімін Щучьинскіге беру мәселесі көптен бері айтылып келеді. Өткенде осы тақырып қозғалып, әлеуметтік желіге шыққан жазбалардан соң халықтың да пікірі әр алуан болып, әрқайсысы әліптің соңын бағып отыр. Щучинск деген Патшалы Ресейдің бізді жаулап алу жолында салған бекінісінің атауы екенін айтпасақ та белгілі. Ал, ол қасиетті жер – қазақ халқының басын қосып, 48 жыл ордасын тіккен Хан Абылайдың мекені құтты мекені екенін естен шығармауымыз керек. Сондықтан мұндай тарихи атауларды қайтарған кезде, қайта атау мәселесі туындағанда біздің мемлекет тарапынан ықпал ететін ұйымдардың бір тоқтамға келетін уақыты келді деп ойлаймын. Щучинск қаласын Абылай хан деп өзгертуде билікте отырған үлкен адамдар шешім шығарса, ешқандай дау-дамай да болмас еді деп ойлаймын. Мәселен, Қонаевқа бір қаланы бере салғанда ешкім ештеңе деген жоқ қой. Сол секілді осындай мәселелер тікелей президенттің құзырында болса, жаман болмас еді.

«Қай қазағыңмен ақылдасып еді?!»

Махаббат Оразалина, Щучье қаласының тұрғыны:

Меніңше бұл жерде бұрын көше атауын қалай өзгертсе дәл солай қала атауын да өзгерту керек. Тарихи атауын қайтармасақ, бабаларымыздың атын өз жерімізде қоймасақ, қайда қоямыз?! Щучинскті Абылай хан деп өзгерту әбден дұрыс. Қос қолдап қолдаймын да құптаймын да. Хан Абылайдың есімін біздің қала мақтанышпен алып жүрер еді. Көнбеген адам көнбесін! Пікір алуандығы болуы заңдылық. Бірақ, мемлекеттік идеология болуы керек. Бұл ел – ең алдымен қазақтың елі, қазақтың жері. Ал, өзге ұлт өкілдері біздің отандастарымыз. Оларға ешқандай да қысым көрсетіп отырған жоқпыз. Олар да түсіністікпен қарау керек деп ойлаймын.

Бұл мәселеде олардың пікір-ойы маңызды деп оларға баса мән берудің кажеті жоқ. Олар бұл жерге екі ғасырдай уақыт бұрын ат қойғанда қай қазағыңмен ақылдасып еді?! Неге какой то бір ханның атын береміз деп хан Абылайдың өзін менсінбейді. Кілең бір шолақ ойлы, тереңірек ойламай, тарихын білмейтін адамдар жиналғандай.

«Ақын-жазушылар  қолдауға тиіс»

Ерболат Баят, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола обылысындағы ресми өкілі, ақын- жазушы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, философия докторы:

– Елді-мекен, жер-су атауларының ежелгі атауларын қайтару, қазақшалау – бүгінгі ұлттық тұтастықтың,  мемлекеттің қауіпсіздігінің талабы. Ұлттық құндылықтарды,  орнына келтіретін, тарихи сананы жаңғыртатын  уақыт  жетті. Абылай есімі де соған байланысты. Ақын- жазушылар  қолдауға тиіс. Мен толық қолдаймын.

«Бала күнімізден бері Шортан деп келдік»

Мерген Тоқсанбай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Тәуелсіздік алғалы жер-су, елді-мекен мен көше аттарын қазақшалау үрдісі басталып кетті. Иә, біраз кедергілер мен тосқауылдар болды. Ә дегенде ықпалды адамдар атасының атына көше, бабасының атына ауылдың аттарын беруге тырысқан кездерді де көрдік. Ол кезеңнен мараторий жариялап аман өттік.

Ел ағалары мен тарихшы ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің пікіріне сүйенсек аномастика туралы заңға өзгерістер енгізу керек сияқты. Өйткені ел ішінде осы іске келгенде дау-дамай туып, келіспеушілік болып жатады. Бірақ, тарихи атауы бар жер болса, оған сол атауын қайтаруда ешқандай дау тумауы керек деп ойлаймын. Тарихи атауын қайтаруға қарсы адам - Тәуелсіздікке қарсы адам!

Ал, Щучинск қаласы атауының өзгертілуін өз басым қолдаймын. Себебі, бұл қазаққа басқан  империалистік отарлаудың қара таңбасындай. Ал, ол Абылай хан бола ма, Шортан бола ма, маған бәрібір. Қазақша аталса болды. Бұл жерді біз бала күнімізден бері Шортан деп келдік. Үлкендер әлі күнге дейін солай атайды. Бұл жердің Шортан екені, қазір жұрт Қатаркөл деп жүргені Қотыркөл екеніне бір дәлел болсын, Балуан Шолақтың мына өлеңін келтірейін:

Борық тартсаң шығатын уыз сүті,

Қотыр-Шортан мен туған – жердің құты,

Түскен екем шыр етіп жер бетіне,

Суға барып түскенде орыс бұты.

Ұлттық идеологиямызды дұрыс жүргізіп, бар бітім-болмысымыздан, қаламыз бен даламыздан қазақтың иісі аңқып тұру керек. Ол үшін бәрін қазақшалайтын кез келді.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов журналистермен өткен кездесуде Щучинск қаласының атауын Абылай хан деп өзгерту туралы сауалға жауап берген еді. Оның айтуынша, қоғамдық тыңдаудан кейін ғана Мәслихатта шешім табады.

Ал жалпы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жүрегі шайлығып қалған сияқты көрінді. Өйткені бұл өңірде ономастикалық мәселе өте көп. Қала, аудан, ауыл атауларынан бөлек, көшелердің де көбісі бізге бәймәлім есімдермен аталады. Оны өзгерту үнемі қызу талқыға түседі.

2022 жылы Ақмола облысында 11 елдімекен, 4 ауылдық округ пен 90 көшенің атауы өзгертілді. Мысалы, Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Еленовка ауылының атауы Самалтау болып ауысты. Бұл да сол кезде үлкен қарсылықтарға тап болды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды
Кеше, 16:14

Бағдат Мусиннің орнына жаңа министр тағайындалды

Президент тиісті жарлыққа қол қойды
Ол бұл қызметті төрт жылға жуық атқарды
Көлік құралдарына салынатын салық ставкалары төмендетілуі мүмкін
Тиісті бұйрық Ақорда сайтында жарияланды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →