×

«Біз ешкімді өлтіргіміз келмейді»: ресейліктер Қазақстаннан жаппай кетіп жатыр

27 қаңтардан бастап шетелдіктердің Қазақстанға келуі мен осы елде  болуының жаңа ережелері күшіне енді

«Біз ешкімді өлтіргіміз келмейді»: ресейліктер Қазақстаннан жаппай кетіп жатыр
коллаж Qaz365.kz

Бұл өзгеріс осыған дейін "визаран" деп аталатын схеманы қолданып келген ресейліктер үшін тиімсіз болып шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ВотТак арнасына сілтеме жасап. 
Бұрын олар үш айда бір рет шекарадан өтіп, бірден қайтып оралып, Қазақстанда болу мерзімін әрі қарай жаңарта беретін. Сөйтіп, елде уақытша тұруға рұқсат ресімдемей-ақ қоюға болатын еді. Енді Қазақстанда ұзақ уақыт тұру үшін, иммигранттар, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей) азаматтары келу мақсатын көрсете отырып, уақытша тұруға рұқсат ресімдеуге мәжбүр болады. 
Статистикалық деректерге сүйенсек, көршілес Ресейде жаппай мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстан шекарасынан өткен ресейліктер саны 400 мыңнан асып жығылды. Солардың бірі – Евгений Тимонов. Ол өткен жылдың қараша айының басында Кострома қаласынан қоныс аударған. Бүгінде отбасымен Алматы қаласындағы жатақханалардың бірінде пәтер жалдап тұрады. Сауда-саттықпен айналысатын ол жұмысын қашықтан жүргізіп отыр. Келіншегі де оқуын бітіріп, жұмысқа кіріспекші болғанда, көші-қон заңнамасына енгізілген өзгеріс барлық жоспарларын бұзып жіберді. 


«Әу баста уақытша тұрамыз деп келгенбіз. Бірақ бұл жер бізге ұнады, адамдардың қарым-қатынасы да жақсы. Ойымызды өзгертіп, ұзақ мерзімге қаламыз деп шешкен едік. Ақпан айының басында осы елге келгенімізге 90 күн болады. Әрине, жақын жердегі Қырғызстан шекарасына дейін барып, кері қайтып келсек, әлі де 90 күн тұруға үлгереміз. Бірақ басымызды тәуекелге тіккіміз келмейді. Өйткені алдағы уақытта тағы қандай өзгерістің енгізілетіні бізге беймәлім. Жаппай мобилизацияның жаңа толқындары келе жатыр ма деп сезіктенемін», - дейді Евгений.

 

«Мұның бәрі Қазақстан тарапынан емес, өзіміздің елдің жасап отырған саясаты деп білемін. Олардың мақсаты – Ресейден неғұрлым аз адам кетіп, бұған кейін кеткендері қайтып оралса, сөйтіп, оларды соғысқа жіберу, ал адам өлтіруден бас тартқаны түрмеге отырғызу. Мен өзім үшін және отбасым үшін алаңдаймын. Мысалы, аузымнан шыққан әр сөзім үшін кез келген уақытта «агенттер» келіп, алып кетуі мүмкін», - деді әңгімеге араласқан жұбайы Мелинда.

Болашағына алаңдаған ерлі-зайыпты Тимоновтар енді Қазақстанда қала алмайтынын айтып, Түркияға бет алып барады. Сол елде жүріп, Ресейдегі биліктің ауысып, Украинадағы соғыстың аяқталған сәтін күтпек. 

Әлеуметтанушы әрі маркетолог Андрей Павлодар қаласында туып-өскен, бірақ мектеп бітірген соң Новосибирск қаласына оқуға түсіп, сол жақта қалып қойған. Өткен жылдың наурыз айында Алматыға көшіп келген. Отыз жыл бойы тұрған жерінен көшіп кетуіне себеп – Андрейдің соғысты қолдамауы. Ол Қазақстанда уақытша тұруға рұқсатты ресімдеп жатыр. Жұбайы мен баласы да біртіндеп жаңа жағдайға үйреніп келе жатқанын айтады. 

«Қалаға үйреніп қалдық. Қоғамдық көлік қатынасы жақсы жолға қойылған. Ресейдің кейбір қалаларына қарағанда, күнделікті қолданылатын тауарлардың бағасы да аса қымбат емес. Алматы мен Астана сияқты мегаполистерді айтпағанда. Қазақстан – бірлігі бекем, бейбіт ел. Саяси белсенділердің бұл елде көп тұрақтай алмай, кері қайтып кетуі де сондықтан деп ойлаймын. Ал біздің бұл жерден ешқайда кететін ойымыз жоқ», - дейді Андрей. 

Әлеуметтанушының зерттеуінше, 40 мыңға жуық ресейлік Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған, 3500-ден астамының  уақытша тұруға рұқсат алуға, ал 1000-ға жуық ресейліктің азаматтық алуға берген өтініші қаралуда.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Ақырын жүріп, анық бас» саясаты: Өзбекстан ЕАЭО-ға енетін алтыншы мемлекет бола ма
27.04.2024ж. 11:30

«Ақырын жүріп, анық бас» саясаты: Өзбекстан ЕАЭО-ға енетін алтыншы мемлекет бола ма

Өзбекстанда Ресей капиталдың қатысуымен үш мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді
Ертең Қазақстан астанасында ШЫҰ елдері қорғаныс министрлерінің кездесуі өтеді
Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі
Оның өзге әріптестері бұл пікірмен келіспейді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →