×

«Күнделік» арқылы ФСБ барлық деректерімізді алақандағыдай көріп отыр – депутат

Ермұрат Бапи «Күнделік» жүйесінің операциялық шығындары мемлекет тарапынан өтелмейді деп белгіленгенін жазады

«Күнделік» арқылы ФСБ барлық деректерімізді алақандағыдай көріп отыр – депутат
Фото: datnews.info

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас прокрурор Берік Асыловқа. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбевқа, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевке сауал жолдады. Ол «Күнделік» жүйесі елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрғанын ашық жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бапидың жазбасы

Ермұрат Бапи оқу жылы аяқталғанымен, мектепке қатысты сұрақтардың мұрты бұзылмаған біразы қаз-қалпында қалғанын айтады. Сол мәселелердің бірі – Ресейден Қазақстанға ауып келген «Күнделік» жүйесі. Депутат Ресейде «Дневник.ру» деп аталатын бұл электронды платформаның Қазақстанға қалай тап болғанын қалың жұртшылық білмеуі мүмкін дейді. 

«Сөзбұйдаға салмай, тікесінен айтар болсақ, «Дневниктің» қазақшаланған үлгісін ел мектептеріне енгізудің лобби-өкіланасы ҚР Парламенті сенатының экс-депутаты Дариға Назарбаева еді. Кезінде бұл жәйт қазақстандық ақпараттар сегментінде ашық айтылған болатын.

Ал нақтылап айтсақ, 2017 жылы құдіреті күшті Дариға Нұрсұлтанқызының бастамасымен жеке меншіктік тұлғада «Kundelik» ЖШС-і құрылып, бұл серіктестік ресейлік «Дневникпен» уағдадасқан. Өз кезегінде Дариға ханымның «тізеге салуы» нәтижесінде «Kundelik» серіктестігі 2018 жылғы 26 қаңтарда Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен шарт жасасты. Ескерте кетейін, бұл Мемлекеттік-жекешелік әріптeстік келісім-шарт (ГЧП) тек қана орыс тілінде жасалды, оның қазақ тіліндегі нұсқасын итпен іздеп таппаймыз. Цифрландыру дәуірінде бұл платформалық жүйе қазақстандық мектептерге қажет қой деп, бұл шарттың бүге-шігесіне үңілмеуге болар еді», - дейді ол.

Қауіпсіздікке қатер

Депутат «Күнделік» жүйесінің түп-тамыры ресейлік «Дневник ру» платформасының кіндігіне байланғанын атап өтеді. Яғни, Қазақстандағы 3 миллионға жуық оқушының, олардың ата-анасының барлық ақпараттық-цифрлық дерегі Ресейдегі тиісті органдардың қолында отыр деген сөз.

«Біздің қоғам жуықта қазақстандық азаматтардың цифрлық деректері Қытайға кетіп жатыр деп шулады. Бұған кінәлі тұлғалар анықталып, осы кінәратқа шара қолданылды. Ендеше осы цифрлық ақпараттар 6 жылдан бері Ресейге кетіп жатқанына неге жайбарақат қарап отырмыз? Ресей жоғары оқу орындарында 70 мыңға жуық қазақстандық дарынды жастар оқитыны, олардың тең жартысына жуығы сол жақта қалатыны қаншалықты бізді ойландырады?  «Күнделікке» тіркелген ата-аналар мен жеткіншек ұрпақтың барлық деректері мен дәйектерін Ресейдің «ФСБ» органы алақандағыдай көріп отырғаны – біздің ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер емес пе?» – деп атап өтеді ол.

Бұл қалай болғаны?

Ермұрат Бапи «Күнделік» жүйесінің операциялық шығындары мемлекет тарапынан өтелмейді деп белгіленгенін жазады. Яғни, мемлектеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес, бұл жоба біздің мемлекет үшін тегін болуы керек еді. Бірақ екіжақты келісімге қол қойылғаннан кейін, сенатор Назарбаеваның (оның кім екені, қандай құдірет болғаны бәрімізге бесенеден белгілі) күштеуімен Білім және ғылым министрлігі «Күнделік» платформасының техникалық шығындары үшін мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсаған. Оған тек 2023 жылы ғана 309 млн 893 мың теңге төленген.

«Егер шарт бойынша мемлекет тарапынан қаржыландыру қарастырылмайтын болса, жеке меншік болып табылатын «Күнделік» компаниясының шығындары қандай негізде мемлекеттік бюджеттен төленуде? Қазақстандық мемлекеттік орган шартта көрсетілмеген төлем талаптарын қандай құжаттың көмегімен жүзеге асырып отыр? Бұл қалай болғаны: бұрынғы Дариға Назарбаева елдің «бірінші қызы» деген жазылмаған құзіретін әлі күнге дейін сақтап отыр деп түсінеміз бе?» – дейді депутат. 

Шарттың талаптары заңсыз бола ма?

Үшіншіден, биыл Парламентте қабылданған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» ҚР заңының талабына сәйкес, онлайн-жарнама кәмелетке толмаған балаларға қатысты қолданылмауға тиіс еді. Алайда шарттың № 3 қосымшасына сәйкес, «Күнделік» жүйесін пайдаланушыларға арналған ақылы сервистердің тізбесі көрсетілген, онда мектеп оқушыларына онлайн жарнамалық-ақпараттық қызметтерді ұсыну құқығы бекітілген.

««ГЧП» шартының бұл талабы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы»  Қазақстан Республикасының заңына қайшы келетінін ҚР Бас прокуратурасы мен тиісті мемлпекеттік органдар неге бақылауға алмайды? Ең ақырында, кіндік жібі «Дневникке» байланған дәл осындай платформаны ешкімге тәуелді етпей және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін қазақстандық компанияларға неге тапсырылмайды? Төртінші. МЖӘ (ГЧП) шартының 2-тарауының 1-бабына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі барлық облыстарды «Күнделік» жүйесін пайдалануға міндеттеуге жауапты. Атап айтсақ, облыстық білім беру басқармалары «Күнделік» жүйесін Шартта көрсетілген функционалдық мақсатына сәйкес қолдануға және білім беру саласында ақпаратты (статистикалық деректерді қоса алғанда) құру, сақтау, өңдеу және алмасу жөніндегі бірыңғай инфрақұрылым ретінде пайдалануға міндетті болды делінген. Қолдануға міндетті облыстардың тізімі Шарттың № 5 Қосымшасында көрсетілген», - дейді ол.

Депутат шартта облыстардың барлық мектептері тек «Күнделік» жүйесін 2030 жылға дейін пайдаланулары қажет деп жазылғанын көрсетеді. Сонымен қатар Шарттың 10-тарауының 1-бабында министрліктің келесідей жауапкершілігі бекітілген:

Алайда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 заңының 27-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жергілікті маңызы бар міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін реттеу, іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асырады. Яғни, Шартта көрсетілген мәселелер бойынша тек жергілікті әкімдіктер ғана шешім қабылдауы тиіс. Министрліктің заң бойынша жергілікті органдарды аталған МЖӘ шарты бойынша міндеттеуге құзыреті болмаған.

«Сонымен қатар ҚР «Білім туралы» заңына сәйкес ҚР Оқу-ағарту министрлігіне жергілікті мемлекеттік басқару функциялары, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптeстік шарттары шеңберінде әкімдіктер атынан міндеттемелерді қабылдау құзыреті жүктелмеген. Демек, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Министрліктің атқарушы органдарға тапсырма беруге құзыреті болмаса, Шарттың талаптары заңсыз бола ма?» - деп сұрақпен аяқтайды жазбасын Ермұрат Бапи.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Петициядан да нәтиже шықпады: Утилалым алынбайды
Кеше, 17:21

Петициядан да нәтиже шықпады: Утилалым алынбайды

Министрдің айтуынша, арнайы жұмыс тобы петицияны қарастырды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →