Ол әзірге АҚШ президенттігіне кандидат емес
Күні кеше АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден күзгі сайлау науқанына қатыспайтынын айтып, президенттік жарыстан шығатынын жариялады. Енді Демократиялық партия атынан негізгі үміткер болып қазіргі вице-президент Камала Харрис ұсынылды. Qaz365.kz жаңа саяси тұлға туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, оның Қазақстанмен немесе Орталық Азиямен қандай байланысы бар-жоғын анықтап көрді.
Әзірге кандидат емес
Камала Харрис әлі АҚШ президенттігіне кандидат емес. Алайда Джо Байден де үміткер болмаған еді. Айта кетейік, Демократиялық партияның праймериздегі жеңісі оған тек кандидат мәртебесін беруші еді. АҚШ заңына сәйкес кандидат ұлттық партия съезінде бекітіледі. Мысалы, Республикалық партияның мұндай жиыны Дональд Трампқа жасалған қастандықтан кейін 15-18 шілдеде аралығында өтті. Міне, сол кезде Трамп кандидат ретінде ресми бекітілді. Енді демократтардың съезі 19-22 тамызға жоспарланған. Онда Демократиялық партиядан президенттікке ресми кандидат жарияланады. Әзірге басты үміткер – вице-президент Камала Харрис.
VOX басылымының саяси шолушысы Эндрю Прокоптың айтуынша, жарты ғасырда бірінші рет праймериз жеңімпазы президенттік жарыстан шығып қалды. Осы жағдайды ескерсе, кандидатты таңдау процесі әлі анық емес.
«Харриске Байденнің орнын «мұрагерлікпен» бере ме, әлде «блиц-праймериз» өткізе ме, әлде кез келген демократ өз кандидатурасын ұсына алатын «ашық Конгресс» бола ма? Осының бәрі жақын арада белгілі болады», - дейді шолушы.
Қалай болғанда да, Камала Харрис сайлау бәйгесіне қазірден бастап араласуы керек. Өйткені сайлауға 3,5 ай қалды. Ал Трамп 2020 жылдың өзінде Харриске қатысты өте ауыр сөздер айтқанын еске сала кетейік.
«Камала Харрис – өте жаман адам. АҚШ Сенатындағы ең дөрекі, ең қорқынышты, ешкімді менсінбейтін және ең либерал саясаткер», – деп келтіреді Трамптың 2020 жылғы сөзін ВВС.
Харрис пен Трамптың ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдары 180 градусқа дейін алшақ болмаса, соған жақын. Мысалы, Харрис түсік жасатуға тыйым салуға қарсы және қару сатып-алуды бақылап, ЛГБТ қауымдастығын қолдайды. Сондай-ақ Украинаны қолдауда өте белсенді. Мысалы, ол Путиннің бейбіт келіссөздер үшін ұсынған шарттарына қатысты былай пікір білдірді:
«Біз шындықты айтуымыз керек. Путин келіссөз жүргізуге емес, берілуге шақырып отыр», – деген еді ол.
Мұның бәрі Трамп пен оның жақтастарының көзқарастарынан мүлдем өзгеше.
Азиялық тамыры бар
Егер Камала Харрис кандидат ретінде ұсынылып, тіпті сайлауда Трампты басып озса, онда ол бірден бірнеше «дебют» жасайды. Мәселен, егер сайлауда жеңіске жетсе, ол АҚШ тарихындағы алғашқы әйел президент болады. 2016 жылы Дональд Трампқа қарсы тұрған Хиллари Клинтонның қолынан бұл келмеді.
Харрис азиялық тамыры бар алғашқы үміткер болуы мүмкін. Қазіргі вице-президенттің анасы Үндістаннан шыққан мигранттардың қызы болған. «Ол нағашыларымен байланысты ешқашан жоғалтқан емес» деп жазады басылымдар. Ал әкесі жағынан Харрис Ямайкадан келгендердің ұрпағы саналады.
2020 жылы олар оған «ямайкалық құл иеленушілердің туысы» деген айып тағуға тырысқан. Бірақ Харрис көптеген ямайкалық отбасыға тән ортадан шыққаны анықталды. Себебі оның ата-бабасының қатарында құл иеленушілер де, құлдар да бар екен.
Харристің шығу тегі оған жақсы да, жаман да жағынан әсер етуі мүмкін. Жақсы жағы ол афроамерикалықтар мен азиялық тамыры бар адамдарды өз тарапына тарта алады. Жаман жағы АҚШ қоғамында әлі де сексизм және нәсілшілдік көңіл-күй бар. Бұл туралы Харристің бұрынғы көмекшісі Джамал Симмонс та айтқан болатын.
«Америкада нәсілшілдік пен сексизмнің өзіндік тарихы бар. Сондықтан мен оның сайлау науқанында осы жағдай алдынан шығатынына сенімдімін», – деп келтіреді Симмонстың сөзін Reuters.
Алайда Камала Харрис өзінің азиялық шыққанын тегіне қарамастан, Азияға сирек баратын. Вице-президент ретінде ол 4 жыл ішінде АҚШ-тың Оңтүстік Азиядағы негізгі серіктестері деп аталатын Сингапур мен Вьетнамға ғана барды.
Бірақ Орталық Азия, атап айтқанда, Қазақстанға Камала Харрис қызық емес сияқты.
Вице-президенттің күлкісі
Харрис вице-президенттікке ұсынылған кезде де даулы тұлға деп аталды. Мысалы, бір жағынан, жас кезінде, 1980 жылдардың аяғында ол Оңтүстік Африкадағы апартеид режиміне наразылық акцияларына қатысты. Бірақ заңгер мамандығын алғаннан кейін ол прокурор болып, Калифорнияның Бас прокурорына дейін көтерілді.
Сайлаушылардың бір бөлігі үшін режимге қарсы адамнан прокурорға ауысып кету әлі де идеалдарға опасыздық ретінде қабылдануы мүмкін. Америкалықтардың тағы бір бөлігі үшін оның өлім жазасына қарсы ұстанымы даулы еді, себебі бұл прокурорға тән емес.
2014 жылдан бастап Камала Харрис Калифорния штатының сенаторы болды. Жоғарыда айтылғандай, республикашылдар оны ең либерал сенатор деп атады. Кейде тіпті социалистік саясаткер дейтін. «Қызыл қауіптен» әлі де қорқатын америкалықтар үшін мұндай эпитеттер міндетті түрде жиіркенішті болуы мүмкін.
Харристің вице-президенттігі де бәріне ұнайды деп айтуға келмес. Мысалы, Мексикадағы шекарадағы дағдарысты шешудің сәтсіздік көбіне Хариске артылады.
Харрис бірнеше жыл бұрын шекараға жауапты болып тағайындалды. Бұл оны осындай сәтсіз науқанмен айналысуға мәжбүр етті. Ол сондай-ақ Байденнің өте кереғар саясатының басы-қасында жүрді, сондықтан барлық сын мен жауапкершілік соның мойнына артылды, - деп жазады New York Post шолушысы Генри Олсен.
Екінші жағынан, ол Байден мен Трамптан 20 жастай кіші. Сондықтан бұл фактор 8 жылдан бергі «геронтократиядан» шаршаған сайлаушылардың бір бөлігіне әсер етуі мүмкін. Камала Харристің әрдайым күліп жүреді және оның күлкісі ерекше. Әлеуметтік желіде оның күлкісіне қатысты видеолар үнемі пайда болады. Трамптың оған берген лақап аттарының бірі – «Күле беретін Камала».
Енді оның күлкісі сайлау науқанында көмектесе ме, жоқ па, оны жақын арада білеміз.