Нұрымова осы тізімге кірмеген, есепке алынбаған тағы ауылдар барын айтты
Депутат Гүлдара Нұрымова Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдап, ауылдағы ауызсу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат Президент 2025 жылға дейін барлық елді-мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма бергенін еске салды.
«Алайда бүгінгі таңда, ел бойынша ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қарағанды және Жамбыл облыстарында. Сонымен қатар, 121 ауыл бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалмау қаупі бар, оның ішінде 70 ауыл бойынша ЖСҚ бар болса, 51 ауыл бойынша жоқ», - дейді ол.
Нұрымова осы тізімге кірмеген, есепке алынбаған тағы ауылдар барын айтты. Олар – ақиқатын айтқанда, қағаз жүзінде ауыз су бар, ал іс жүзінде жоқ елді мекендер.
«Мемлекеттің қазынасынан бөлінген қаржы желге ұшып жатыр. Мысалы, Жамбыл облысындағы Тұрар Рысқұлов ауданына қатысты Жарлысу, Мойынқұм ауданына қатысты Қылышбай елді мекендерінде ауыз су мәселесі шегіне жетіп тұр. Қылышбай ауылындағы жағдай фильтр орнату арқылы жарым-жартылай шешілген болса, Ал Жарлысу ауылын ауыз сумен қамту әлі де шешімін таппай отыр. Халықпен кездескен кезде, ауыл тұрғындары осы сұрақты бірнеше мәрте көтерді, 5 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге наразылық білдірді», - дейді ол.
Нұрымова 2020 жылы су құрылыстарын жүргізген жауапты мердігер компания өз жұмыстарын толық атқармаған,нәтижесінде ауыз су жоқ дейді. Ал, 2021 жылдың сәуірінде жергілікті басылымда шыққан мақалада ауыз судың халыққа жеткені және сумен қамтамасыз ету жұмыстарының сәтті өткені туралы хабарланған.
«Сұмдық жағдай. Бұл – нағыз көзбояушылық, жауапсыздық. Ауыл тұрғындары көптеген кемшіліктерді анықтап тиісті органдарға жеткізген. Бірақ нәтиже жоқ. Сонда республикалық бюджеттен бөлінген 414 млн., облыстық бюджеттен бөлінген 80 млн., сонымен катар жобалық сметалық құжаттарға, геологиялық жұмыстарға бөлінген қаржының іздеу-сұрауы жоқ па? Мұндай мысалдар өңірлерде жетерлік. Осыған орай, Сізден аталған жағдайды жеке бақылауыңызға алып, тиісті тексерісті өткізіп, тағы осындай жағдайдағы ауылдарды анықтап,жобалық сметалық құжат жоқ 51 ауыл бойынша жұмыстарды тез арада атқарып, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етуді қағаз жүзінде емес іс жүзінде шешуіңізді сұраймын», - деді депутат.