Әнші Мақпал Жүнісова журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында Заманбек Нұрқаділовтің қызы өзін концерт алдында пышақтап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әншінің айтуынша, Құралай Нұрқаділова жақ өзімен жауласқан.
«Әкесін мен өлтірді деп балалары маған жала жапты. Мерей 11 сынып бітірген кезде де келмеген адамдар. Одан кейін барып анау жақтағы қыз «Мақпалмен өлсем де араласпаймын, Мереймен араласуға болады» деп сұхбат беріп отыр. Мерейдің телефонын Алтынбек Қоразбаев ағадан сұрап алған. Мерейге қоңырау шалып, мазасын ала бастады. Оны маған Мерей айтты. Содан кейін шындықты айтуыма тура келді. Оның қызы маған қиянат жасады. Маған пышақ салды. Маған пышақ салған адам мені керемет қыла ма? Құралай маған пышақ салған. Концерттің алдында Республика сарайының жанында пышақтап кеткен (қолға, тамырдың жанынан кетті – әнші). Ол «Вечерний Алматы» деген газетке шыққан. Нұрқаділовтің қызы деп тұрып шықты», – дейді ол.
Әншінің айтуынша, концерттен кейін түнгі сағат бірде Заманбек Нұрқаділовтің көмекшісінен хат келді. «Ертең полиция келеді, менің қызым деп жазбасыншы» өтініш хаты (Заманбектің өзінен) келген.
«Сол кезде Зәкеңді азамат ретінде қабылдадым. Құдай-ай, тірі қалдық қой, әйтеуір. Құрсын, оның қызы емес деп жазып берейін дедім. Сіңлім сонда маған айғайлады: «Ертең сені өлтіріп кетсе, кім жауап береді?» деп маған ұрысты. Мен «анау бастыққа обал ғой, қаланың дардай бастығы, халыққа қандай жақсылық жасап жатыр, оның қызы емес деп жазып берейін» дедім де, полицияға «жасөспірімдер солай істеді» деп жазып бердім. Сөйтіп, әкесінің абыройын ойлап, мен оны кешіргенмін. Бірақ одан кейін түсінді ме?» – дейді ол.