Фестиваль 20–21 маусым күндері Балқаш көлінің жағасында өтеді
20–21 маусым күндері Балқаш көлінің жағасында, Ақшағыл өңірінде жыл сайынғы “Balkhash Tour Fest 2025” музыкалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ұйымдастырушылар биылғы фестиваль сахнасына шығатын басты әртістердің есімдерін жариялады.
Фестивальдің бірінші күні – 20 маусымда көрермендерді заманауи стилімен және тірі орындауымен танымал “Kilimanjaro Show” тобы мен ерекше, бірден танылатын дауыс иесі – Qanai өнер көрсетеді.
Ал екінші күні – 21 маусымда сахнаға елге кеңінен танымал, жүрекке жететін әндерімен тыңдарманның ықыласына бөленген Қайрат Байекенов пен ерекше стилі мен харизмасымен көпшілікті баурап алған әнші Nazima шығады.
Музыкалық бағдарламадан бөлек, ұйымдастырушылар қызықты ойын-сауық шараларын да дайындаған. Қатысушылар үшін таңғы йога мен медитация, ұлттық және жағажай спорт түрлерінен жарыстар, желкенді қайық регатасы, шеберлік сабақтары мен аниматорлары бар балалар аймағы, ашық аспан астындағы кино көрсетілімі, шоу-караоке және "Жарқын кросс" атты түрлі-түсті жүгіру марафоны ұйымдастырылады.
Алдыңғы жылдардағыдай, қатысушыларға арналған тегін автобустар қарастырылған. Фестивальге кіру – тегін.
Ұйымдастырушылар жақын арада фестивальдің толық бағдарламасын жариялаймыз деп уәде беріп, жаңалықтарды бақылап отыруды сұрайды.