Әнші Бейбіт Көшқалиев ChatGPT-мен анасын сөйлестіріп, жұртты қарық қылды
Әнші Бейбіт Көшқалиев анасын ChatGPT-мен сөйлестірген. Қартайған анасы тірі адаммен сөйлесіп отырмын деп ойлаған. Желіде тараған видео жұрттың көңілін көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бейбіт Көшқалиев ұялы телефонға орнатылған технологиядан анасының көзінше “Неге Алтын алқа иегерлеріне айына 100 мың теңге бермейді?” деп сұрайды. ChatGPT “мемлекет көпбалалы аналарға мемлекет бюджеттің мүмкіндіктеріне, әлеуметтік саясатқа байланысты береді. Әрине, көбірек болғаны жақсы еді. Бірақ қазір осындай мөлшерде белгіленген” деп жауап береді.
Осыдан кейін онымен анасы сөйлесіп кетеді.
Көпбалалы аналарға, соның ішінде менде 7 ұл бала бар. Бізде автобусқа, пойызға жеңілдік жоқ. Қазір қымбат. Неге жолға бізге жеңілдік бермейді екен? – деп сұрайды анасы.
ChatGPT “иә, шынында да, жол жүру ақысы қымбаттап кеткені рас. Осындай батыр аналарға қосымша жеңілдіктер болса керемет болар еді. Мүмкін болашақта осындай жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін” деп жауап береді. Жауабына разы болған анасы “рахмет жаным. Жарайды. Рахмет сіздерге. Әдемі сөздерің рахмет, айналайын” деп ырзалығын жеткізген. ChatGPT оған “осылай жылы сөйлесіп, көңіл көтеріп отырғандарыңызға рахмет!” деп жауап берген.
Желідегі видео көпшіліктің оң реакциясын туғызды. Ғазиз ананың аңғалдығы мен әншінің әзілі көпшіліктің құрметіне бөленді.