Тойға шығатын әншілердің көбі гонорарын қолма-қол ақшамен алады
Үкіметтің баспасөз-конференциясында Qaz365.kz тілшісі Қаржы министрі Мәди Тәкиевтен гонорарын қолма-қол алып, салықтан жалтаратын әншілерді қалай бақылайтынын сұрады.
“Сіздер қай әншінің қай тойда жүргенін қайдан білесіздер? Мәселен, гонорарын миллиондармен қолма-қол алатын әншілер бар. Оны қаншалықты бақылайсыздар?” - деп сұрады тілші.
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, тойдан қолма-қол ақша түрінде гонорар алатын әншілер мемлекет бақылауында болады. Ол әншілердің табысын жасыратыны белгілі екенін айтты.
“Иә, қолма-қол алатынын білеміз. Біріншіден, біз кімнің той жасап жатқанын білеміз. Салық органдары оларды әртүрлі тәсілмен қадағалап отырады. Хронометраж бар. Екіншіден, әнші қаншама ақша алып отырған соң оны бірдеңеге жұмсауы керек қой. Мәселен, үй алады, қымбат көлік алады. Содан “ақшаны қайдан алдыңыз” деген сұрақ туындайды. Осылайша мүлік сатып алу сияқты белгілер арқылы назарға ілінген әртістер жыл соңында тексерілуі мүмкін”, - деді Тәкиев.
Оның айтуынша, Қазақстанда 800-ден аса блогерлер мен әншілердің шоттары тексерілуде.