Бұл туралы әншінің қызы Алау Нұртас Instagram парақшасында мәлімдеді
Қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртас жұбайы, актриса Жұлдыз Әбдікәрімовамен және бес баласымен бірге Мальдив аралдарына демалысқа аттанды. Шоу-бизнес жұлдыздарының бұл сапары желі қолданушыларының назарын бірден аударды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазақстан шоу-бизнесіндегі ең көп талқыланатын жұптардың бірі жаңа жылдық демалысты Үнді мұхитындағы экзотикалық Мальдив аралдарында өткізуді таңдаған. Бұл туралы 3 қаңтар күні отбасының ортаншы қызы Алау Нұртас Instagram парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, сапар оңай болмаған.
«Желіде біраз уақыт көрінбеуімнің себебі – Мальдивке ұшу. Қатты уайымдадық, үлгермей қалдық. Ал келген соң мүлде жағымсыз жағдай болды», – деп жазды Алау Stories бөлімінде.
Алаудың сөзінше, Мальдивке жеткеннен кейін күтпеген оқиға болған. Алайда оның нақты мән-жайын блогер кейінірек толық айтып беретінін жеткізді. Бұл мәлімдеме желі қолданушыларының қызығушылығын одан әрі арттырды.
Соған қарамастан, Нұртас әулетінің демалыстан алғашқы фотолары мен видеолары Instagram-да пайда болды. Алау Мальдивтің көркем табиғатынан кадрлар жариялап, «керемет фото мен контент күтіңіздер» деп жазды.
Ал Қайрат Нұртас өзі де желіде бейнежазба бөлісіп, ұлы Нарұлмен бірге түскен жылы сәттерін көрсетті. Видеода әнші баласына мейірімін төгіп, отбасылық демалыстың көңілді өтіп жатқанын аңғартты.
Жұлдызды отбасының шетелдік демалысы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың отбасылық бірлігіне тәнті болып, жылы лебіздерін білдіруде.
Айта кетейік, Мальдив аралдары – қазақстандық жұлдыздар жиі таңдайтын демалыс бағыттарының бірі. Табиғаты мен тыныштығы бұл елді отбасылық саяхат үшін тартымды етеді.