Ресейдің Санкт-Петербург қалалық Ішкі істер басқармасы қазақстандық рэпер Ганвестке (Руслан Гоминов) қатысты әкімшілік іс қозғады. Бұл туралы «Лига безопасного интернета» басшысы Екатерина Мизулина өзінің Telegram-арнасында мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Екатерина Мизулинаның айтуынша, құқық қорғау органдары әртістің әндерінде «есірткіні насихаттау» белгілері болуы мүмкін деп күдіктенуде. Қазіргі уақытта рэпердің тректері психологиялық-лингвистикалық сараптамаға жіберілген. Егер сараптама нәтижесінде заң бұзушылық расталса, музыкантқа ірі көлемде айыппұл салынуы немесе Ресей аумағындағы концерттеріне шектеу қойылуы мүмкін.
Ақтау қаласының тумасы Руслан Гоминов көпшілікке 2018 жылғы «Никотин» хитімен танылған еді. Алайда 2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың басында ол әлеуметтік желілерде мүлдем жаңа қырынан танылып, қайтадан трендке шықты. Оның әндері мен видеоларындағы «пэпэ», «фа», «ватафа», «шнейне» сияқты мағынасыз, бірақ құлаққа тез жабысатын сөздері интернетте вирус сипаттағы мемге айналды. Аналитикалық деректерге сүйенсек, соңғы төрт айда бұл фразалардың қолданылу жиілігі 20 еседен астам өсіп, миллиондаған қаралым жинаған.
Айта кетейік, Ресейде 2025 жылдың қыркүйегінен бастап есірткіні насихаттауға қатысты заңнама күшейтілген. Ал 2026 жылғы 1 наурыздан бастап бұл бағыттағы заң бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік те енгізілмек. Сондықтан Ганвесттің әндеріне қатысты сараптама нәтижесі оның алдағы шығармашылық тағдырына үлкен әсер етуі мүмкін.