×

«Баланы қазір ақша үшін пытырлатып туа береді»: белгілі психолог көптің шамына тиген сөзді неге айтқанын түсіндірді

Отбасылық психолог көп бала туатын аналарды сынады.

«Баланы қазір ақша үшін пытырлатып туа береді»: белгілі психолог көптің шамына тиген сөзді неге айтқанын түсіндірді
Qaz365.kz

Әлеуметтік желіде танымал отбасылық психолог Ержан Мырзабаев көп бала тауып, жүйкесі жұқарып жүретін аналар жайлы парақшасында рилс жариялаған. Видео жайлы оқырмандар пікірі екіге жарылып, қызу талқыға түсті. Әсіресе, әйелдер қауымы пікір жазып, кейбірі психологтың ұстанымын қолдаса, кейбірі қарсы пікір жазған. Qaz365.kz тілшісі  қоғамның назарын өзіне аударған тосын пікір иесі психолог Ержан Мырзабаевпен сұхбаттасып, сөзін дәйектеуін өтінді.

«Декреттемін, депрессиядамын» дейтін әйел көп

– Ержан мырза, желіде «баланың санынан гөрі сапасына мән берейік» деген рилс жарияладыңыз. Бұл ойыңыз қоғамда әртүрлі пікір туғызды. Олай айтуыңыздың себебі неде?

– Жалпы қазір балалардың қараусыз қалуы, соңғы кезде суицидтің көбеюі, балалардың арасындағы зорлық-зомбылық, буллингтің бәрі – балаларға қарапайым ғана назар жетпей жатқанын көрсетеді. Ата-ананың балаға көңіл бөлуі, жағдай жасауы, жағдайын білуі, қорғауы – назар деген сол. Адамдар баланы санға қарап таба береді, сапаға мән бермейді. Ақыры, балалардың кенжесі, кішкентайы махаббат көрсе көреді, ал үлкендері өз бетінше өседі. Кейін бес-алты баланы асыраймыз деп, ата-ана күндіз-түні жұмыс істеп, бала қараусыз қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанада өртеніп кеткен балалар, Қостанайда жақында болған оқиғада – ата-анасы қайда болды? Кей жағдайда балаларды асыраймыз деп, ата-аналары айдалада жүреді. 

Қазір бес-алты емес, аз болса да сапалы, толыққанды жағдайы жасалған, моральдық және материалдық тұрғыда қамтылған, сенімді тұлға болатын бала болсын. «Депрессиядамын, декреттемін, шаршап жүрмін» дейтін әйелдерден көп шағым келіп жатыр. Ол өз алдына отбасылық жанжалдарға себеп болып жатады. Бала дүкеннен ала салатын ойыншық емес. Жауапкершілікпен қарауымыз керек деп ойлаймын.

Келешекте көпбалалы болу – байлардың таңдауы болады

– Қоғамда қазір балаға қатысты көп жағдай тіркелуде. Көп жағдайда отбасының мүшелері, әке-шешесі бала үшін жауапты болмай, мектеп мұғалімдерін кінәлайтын жайттар аз емес. Сіз бәрі отбасынан басталуы керек деген ойды айтып отырсыз ғой?

– Постымды көрдіңіз. Бізде «сонда бала тумаймыз ба?», «демографияны көтермейміз бе?» деген сұрақтар көп қойылып, көп пікір жазылды. Қарай алсаң – тап! Тауып алып, қарамайтын болсаң, туған соң «баламды бағып беріңдер» деп бәріне қол жайып отырсаң, онда таппай-ақ қой. Бірінші аспект осы.

Екіншіден, баланы біреуге береді, біреуге бермейді. «Құдайдың бергені осы» деп, сынақ ретінде қабылдайсың. Одан кейін «демографияны көтеріп жатырмын» деп мемлекетке міндетсімеуің керек. Ешкіммен дауласқым келген жоқ. Сол пікірім өте көп қаралып, лайк жинап, пікір жазылыпты. Адамдар көп бөлісіпті. Демек, адамдардың жанды жеріне тиіп кеткенбіз ғой. Хейттен гөрі жағымды, қолдап жатқан пікір де өте көп. Апалар «кезінде бұл ақылды бізге айтатын адам болған жоқ» деп жазып жатыр. «Он жылдан бері декретте отырмын, миым ашып кетті» деп те кейбір әйел жазады. Расында да, «баланы таптық, қазір қарауға мүмкіндік болмай жатыр» дегендер бар.

Тағы бір маңызды аспект – бала тауып жүргенде өзіңді тұлға ретінде қалай дамытасың? Сен де адамсың ғой. Қырық жасқа келген кезде «менің қолымнан еш шаруа келмейді» деп жүресің. Әбіржіп, денсаулығыңнан айырыласың, бұл да қосымша қоғамға, мемлекетке деген жүктеме. Көпбалалы болу – қазір байқасаңыз, жағдайы төмен отбасыларға тән. Өйткені, олар сақтанбайды, ақшаны аяйды. Бес-алты бала тауып тастайды да, одан кейін қатты қиналады. Келешекте көпбалалы болу – байлардың таңдауы болады. Яғни, үйіне күтуші, тазалықшы ұстай алатындар, жеке мектеп, балабақшаға апара алатындар тапсын, апарсын. Ал көп жағдайы төмен отбасылардың мұндайға қолы жете бермейді.

Банкте шәуетін сақтап қойғандар бар

Сол посттан туындаған әңгіме: кейбір ер азаматтар екі-үш бала тапқызып алады, банкке өз спермасын сақтап, қатырып қояды. Осыдан кейін толық стерилдеуден өтеді. Ұрығы сапасыз болып қалады да, жыныстық қатынасқа түсіп, рахат алып жүре береді. Стерильді болады, біреуден бала көтергісі келмейді.

– Сондай адамдар қабылдауыңызда болды ма? Ондай жалпы қазір бар ма?

– Бар. Қазақ қоғамында «екі-үш бала таптырдым, қартайғанда алпысымда немесе жетпісімде бала керек бола қалса керек» деп, резервте банкте шәуетін сақтап қойғандар бар. Ерлердің стерилизациясы деген бар. Ертең ондайлар «мені бала тапқызып қойды» дегендерден солай сақтанады. «Мен стерильныймын, менен бала болуы мүмкін емес» деп жүре береді. Ондай пациенттерім болған жоқ. Мен мұны форумда бір кісіден естідім. Ол кісі де менің постымды оқып, «иә, адамдар қазір осылай істеп жатыр» деп әңгімемді растады. Екіқабат болмайтындай жыныстық қарым-қатынасқа түсе береді.

Бес-алты баланы тауып алады да аш отырады

– Қырғызстанда көп бала тапқан ерлі-зайыптыларға мемлекет тарапынан көп ақша берілетіні жөнінде ақпарат жариялана бастады. 8 млн теңге, 11 млн теңге беріледі екен деген жаңалықтар көп. Ал бізде демографияны көтеру үшін қандай шаралар жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Әлеуметтік-экономикалық жағдайды көтеру керек. Теңге қымбаттамай, жұмыс орыны көбеюі тиіс. Біз мұнайға емес, кәсіпорындарға тәуелді болып, халықты жұмыспен қамтып, айлықты көтеру керек. Не айлықты көтер немесе долларды құнсыздандыру үшін теңгені ұстап тұр. Бәрі ақшаға тіреледі.

Екіншіден, көбісі ата-ана болу – биологиялық инстинкт деп ойлайды. Саналы ата-ана болуды ойлау керек. Екі-үш жыл демалып, балалы болам, содан кейін тоқтаймын деп саналы келу керек. Балаға бүкіл махаббатты, сүйіспеншілікті бердім, үш жастан кейін қоғамға, далаға жібердім, келесі баламен күні бойы уақыт өткізуге дайынмын деген ойда болуы керек. Ал қазір ата-аналар ақшасына қызығып, пытырлатып баланы туады. Ақшаны алады, жұмсайды, бітті. Ал алты-жеті баланы өмір бойы асырау керек қой. Оның жауапкершілігі бар. Материалдық та, моральдық та балаларға көмек, қолдау көрсетілуі керек. Бізде бес-алты баланы тауып алады да, бір үйде аш отырады.

Мемлекет тарапынан демография мәселесі көтерілген кезде біздің азаматтар оны «сall to action» (әрекетке шақыру) деп біледі. Мемлекеттің әр айтып жатқанын жеке өзіңе қабылдай бермеу керек. Оны саған айтып жатқан жоқ. Біздің демографиямыз көтерілуі керек, бірақ кімнің қандай жағдайы бар – сол ескерілуі тиіс.

Қоғамға саналы ата-ана керек

– Сан мен сапа жайлы айтып отырсыз ғой. Сан көп болған кезде сапа шығады деп ойламайсыз ба?

– Мәселеге макро қараған кезде саннан сапа шығады. Мемлекеттік деңгейде! Ал отбасылық деңгейде саннан сапа шығады дей алмайсың. Ал халық пен эмоционалдық байланыс жоқ қой. 20 миллион адамның ішінде екі миллионы тәуір болса, жақсы сапа шықты дей алатындай. Он баланың екеуі дұрыс болса, қалған сегізін қоқысқа тастай салам демейсің. Өмір бойы мойныңдағы міндет – жеткізу. Мемлекет экономика деңгейінде саннан сапа шығады деп айтуға болатын шығар, ал отбасылық жағдайда әңгіме басқа.

Қоғамға қарапайым тілмен айтсақ, саналы ата-ана керек! Мен бала табуға қарсы емеспін, мен баланы ата-аналар саналы түрде тапса екен деймін. Сол кезде сапа болады.

Ер азаматтар эмоциялық жағынан сараңдау

– Ата-аналар саналы болуы керек деп отырсыз ғой. Бала тәрбиесіне тікелей ананың білімді, сау болғаны маңызды. Жауапкершілік тең деп қараған күнде де ер адамнан гөрі баланың жанында анасы көп болады. Қазір заман өзгеріп, қоғамдық құндылықтар үлкен трансформацияға түсіп жатыр. Бала тәрбиесі қалай өзгеруі керек? Бұл бағытта сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Баланың алғашқы жылдары дамуы анаға байланысты. Қаншалықты біз бірдей қарасын, бірдей көңіл бөлсін десек те, әлеуметтік жағдайда бірдей қарау мүмкін емес. Біріншіден, балалардың жаратылысы бөлек. Ер азаматтар табиғатынан қаттылау келеді. Эмоциясын көрсете алмауы мүмкін. Ана әкеден гөрі эмоцияға жақын. Балаға кішкентай кезінде эмоциялық қарым-қатынас, сипат көбірек керек. Ер азаматтар рационалды, эмоциялық жағынан сараңдау болады. Балаға керекті эмоциялық жақындықты көрсете алмауы мүмкін. Сол себепті қаласа да, қаламаса да, бұл шаруаны ана атқарады. Ана болу – туғаннан қалыптасатын дағды, ал әкелік – жүре қалыптасқан дағды деп айтылады. Бес-алты жастағы қыз баланың ойы – қуыршақпен, тамақ істеп ойнайды. Бес-алты жастағы ұлда ондай еліктеу болмауы мүмкін. Осы процесте ана болатын әйелдің білімді болуы, жан-жақты дамуы, ел аралауы, шетел көруі, көкжиегінің кең болуы өте маңызды. Алғашқы жылдардың өзінде баланың өзіне өмір бойы қорек болатындай білім, тәрбие беріп тастауға болады.

– Осы аргументіңізді дәлелдейтіндей қоғамға тағы қандай ой айтқыңыз келеді?

– Кейбір көпбалалы ата-аналар эгоистік көзқараспен ертең қартайған кезде «біреу мені қарасын» дегендей оймен қарайды. Баланы тапқан кезде «ертең маған қалай қарайды», «ертең менің алпыс немесе жетпіс жасымды қалай жасайды» деп емес, «бүгін мен сол балаларға қаншалықты қарай аламын, қаншалықты көңіл бөле алам» деген ой басым болуы керек. Ата-ана болу деген сол. Сол үшін біздің қазақтар «Атаңның баласы болма, Отанның баласы бол» деген. Мен үшін деп емес, қоғам үшін деп ойлау керек. Ал қоғамға сан емес, сапа керек!

– Сұхбатыңызға рақмет!

Айта кетейік, бұдан бұрын қырғыздар 7 бала туған анаға 5 млн 700 мың теңге төлейтінін жазған едік. Қырғызстанның ҰҚК басшысы Қамшыбек Тәшиев мемлекет балалардың тууы үшін біржолғы жәрдемақыны жоғары сомада төлейтінін мәлімдеді.

Сондай-ақ Алматыда 4 қарашада жоғалып кеткен 10 жастағы мектеп оқушысы табылды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ұлттық экономика министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді
Бұған дейін ол әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеген
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысында жалпы 2 322 техника жұмылдырылды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →