×

Саясаттанушы: Қазақстанды сүю – өзің тұратын үйді ғана сүю емес

Ұлыбританияда «Ұлыбританияны сүю – өз үйіннен шыққан кезде де жалғасу керек» деген сөз бар

Саясаттанушы: Қазақстанды сүю – өзің тұратын үйді ғана сүю емес
Фото: ашық дереккөзден

«Патриот болу» дегенді әркім әртүрлі түсінеді. Бірі күнделікті атқарып жүрген еңбегін патриоттық деп санайды. Екіншісі, ерлік жасау – патриоттық деп біледі. Үшіншісі – мемлекеттік тілді құрметтеу нағыз патриоттық деп таниды. Әлбетте, әркімнің субъективті әрі объективті ойлары бар. Ал Қазақстанның қазіргі заманында патриот болу деген нені білдіреді? Нені білдіруі керек? Qaz365.kz тілшісі осы жөнінде саясаттанушы Асхат Қасенғалидің пікірін біліп көрді.

Саясаттанушының ойы

Асхат Қасенғали жеке көзқарасын былай білдіреді. 

«Жалпы біздің қоғамда енді осы патриот болу деген сұрақтың өзінде, ұғымның өзінде бізде өте үлкен талап қойып тастаған сияқты. Яғни, бір мемлекет үшін, ұлт үшін бір ерлік жасауды қажет ететіндей талапқа дейін жеткізген сияқты. Сондай азаматтарды ғана көбінесе бізде патриот деп атап жатады. Менің ойымша, патриот болу деген бір қандай да бір ерлікті талап етпейді. Ол бар болғаны мемлекетіңді, ұлтыңды сүюді және ең бастысы, сүюден бөлек, іс әрекетті қажет ететін дүние деп ойлаймын. Себебі кез келген азаматтың қолынан патриоттық дүниелерді жасауға болады. Себебі патриотизмнің менің көзқарасымда үлкен немесе кішісі жоқ. Бар болғаны ол - қарапайым деңгейдегі іс-әрекеттер. Мемлекеттің дамуына, ұлттың дамуына миллионнан бір пайыз болсын өзінің үлесін қосатын әрекеттер», – дейді ол.

Саясаттанушының пікірінше, мысалы, банкоматқа барған кезде мемлекеттік тілді таңдау – ол да бір патриотизмнің көрінісі. Себебі, осы мемлекетті құрап отырған мемлекет құраушы ұлтқа деген құрмет! Сол сияқты, асханаға барған кезде қазақ тіліндегі, яғни мемлекеттік тілдегі мәзірді талап ету – ол да патриотизмнің үлгісі! Әнұран орындалған кезде тұрып, өзіңнің құрметіңді көрсету! Түркияда, Әзербайжанда немесе басқа да мемлекеттерде мемлекеттік рәміздерге байланысты іс шаралар ұйымдастырып жатқан кезде Әнұран қойылса, тіпті көшеде, базарда тоқтап, азаматтардың өзінің құрметін білдіреді. 

«Бізде өкінішке қарай, іс-шаралар ұйымдастырып жатқан және сол іс-шараларға қатысып жатқан азаматтар ғана орнынан тұрады. Ал басқа азаматтар Әнұранның қойылып жатқанын естісе де, оған мемлекеттік рәмізге деген құрметін көрсетпейтін жайттар бар. Бірақ сол азаматтар кейін үйіне келіп, отаншылдық, батырлық жайлы, мемлекетті сүю жайлы бір пікірлер білдіріп отыруы әбден мүмкін. Сондықтан сөз бен іс-әрекеттің арасы жер мен көктей. Меніңше, патриоттық дегеніміз – сол ауыздан айтылған, мемлекетті қалай сүюге қатысты сөздеріңді іс-әрекетке айналдыру! Соны міне патриоттық деп атауға болатын шығар», – дейді ол.

Ұлыбританияда «Ұлыбританияны сүю – өз үйіннен шыққан кезде де жалғасу керек» деген сөз бар. Саясаттанушы өкінішке қарай «біз өз үйімізден шыққаннан кейін Қазақстанды сүю жалғаспайтын сияқты» деп ойын айтты. Мысалы, жер үйде тұратын, ауласын таза ұстайтын адам өзіне тиесілі үйін ғана сәнді ұстайды, қоқыстан тазартады, бірақ қақпадан шыққаннан кейін құдды бір бұл ол көше өзіне тиесілі емес сияқты қоқыс лақтырады, жолда тұрған ағаштарын сындырады. 

«Сондықтан Қазақстанды сүю – Қазақстандағы өзің тұратын үйді ғана сүю емес. Жалпы тұтас Қазақстанды сүю! Міне, патриоттық деген менің көзқарасымда осындай бір кішігірім іс-әрекеттерден қалыптасады, себебі әрбір азаматтың үлкен мемлекеттік ұлттық деңгейде ерлік жасайтындай қабілеті де жоқ, ол мүмкін де емес. Ең бастысы әрбір азамат сол мемлекеттің дамуына өзінің үлесін қосатын, ұлттың дамуына өзінің үлесін қосатын сондай іс-әрекеттерді жасай алса, міне патриоттықтың үлгісі, бәлкім сол болатын шығар. Менің өзім жеке көзқарастағы субъективті ойым осы», – дейді ол.

Мемлекеттік тілді білетіндер ғана патриот па?

Бұл сұраққа берген жауабында Асхат Қасенғали мемлекеттік тілді білетіндер ғана патриот» деген түсінік қалыптасып жатқанын, ол көзқараспен де келісе алмайтынын айтады, себебі мемлекеттік тілді білмейтін, бірақ Қазақстанды шын жан-дүниесімен жақсы көретін және оның дамуына кішкентай да болса өзінің үлесін қосуға тырысып жүрген азаматтар жетерлік. 

«Міне, соларды да патриот деуге толыққанды болады. Иә, мемлекеттік тілді білмеуі – мүмкін минус шығар. Мемлекеттік тілді игеруге деген талпынысың аз болуы да оның бір минусы шығар. Бірақ ол минустар ол азаматты патриот емес дегенге әкеліп тірей алмайды деп ойлаймын, себебі менің айналамда расымен де, қоғамның дамуына өзінің үлесін қосқысы келіп жүрген жандар бар. Бірақ мемлекеттік тілді білмейді. Олар көбінесе сенбіліктерге қатысады, өз еріктерімен жаңағы қайырымдылық іс-шараларына атсалысады, тасқын болған кезде де біршамасы үлестерін қосқан. Бірақ енді бір минусы сол мемлекеттік тілді білмейді. Меніңше, ондай азаматтарды да толыққанды патриот деп айтуға негіз бар, себебі патриоттықтың өлшемі – мемлекеттің дамуына шын атсалысуға тырысатын азамат. Сондықтан патриотизмді мемлекеттік тілмен ғана өлшеп қою да бір жағынан қате болатын шығар», – дейді саясаттанушы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ұлттық экономика министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді
Бұған дейін ол әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеген
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысында жалпы 2 322 техника жұмылдырылды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →