×

Ұлттық мереке жұртты ұйыстырады

Еліміздің әр аймағында «Қымызмұрындық» фестивалын өткiзу дәстүрге айналып келеді

Ұлттық мереке жұртты ұйыстырады
Фото: ашық дереккөзден

Сан ғасырлардың сүзгісінен өтіп, осы заманға жеткен рухани-мәдени мұрамызды сақтаудың бір жолы – оларды жаңаша түрлендіріп, уақыт талабына cәйкестендіру, жаңа мазмұн дарыту. Қазір әлемнің әрбір елі өзінің тереңде жатқан  тамырын іздестіріп, бүгінгі заман сұранысына сай пайдаланып отыр. Ұлттық дәстүрді сақтап, оны ұғыну, сезіну және өмірлік қажеттілікке айналдыру ұлтты сақтап қалудың бір жолы екендігіне бәріміздің көзіміз жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дәстүрлі қазақ мәдениетінің маңызды бір саласы – ұлттық мейрамдар. Халқымыз Ұлыстың Ұлы күні деп атайтын Наурыздан кейінгі үлкен тойы – қымызмұрындық. Одан кейінгі маусымдық үлкен мереке күз мейрамы – Мизам және қыс тойы – Соғым екен.

«Қымызмұрындық» – жазғытұрым ел жайлауға шыққанда, көшпелі халықтың биесі құлындап, алғашқы қымызы өндірілген уақытта туған туыс, көрші қолаң, көңілі жақын жұртын жинап, қымыздан ауыз тигізетін дәстүр. «Көктем туып,  құлындаған бие байланып, сауылады. Биенiң ашымаған сүтiн саумал дейдi. Оған арнайы ашытқы қосылып, екi-үш күннен кейiн ашытылады. Алғашқы қымызды үй иесi өзi iшпейдi, дәстүр бойынша ауылдың үлкендерiн шақырып, батасын алады.  Ертеректе мұны қымызмұрындық деп атаған», – деп жазады этнограф Сейіт Кенжеахметұлы салт-дәстүр жайлы кітабында.

Ауыл-аймақта қымызмұрындық кеңінен атап өтіліп, түрлі сайыстар, оның ішінде мешкейлер жарысы сияқты ойындар ұйымдастырылып, халықтың көңілін көтерген. Әр ауыл өзінің  палуанын, мергендерін жарысқа әкелген. Мереке кезінде қыстай сағынған сүйікті сусынын бүкіл халық боп ішіп, нағыз мейрамға айналдыратын. Ауқымы жағынан қымызмұрындық Наурыз мерекесінен кем тойланбаған. Осындай арқа-жарқа мейрамнан кейін қымыз маусымы ресми түрде басталған.

Қазақ үшін дәмнен үлкен, дастарқаннан киелі нәрсе жоқ.  Бұл мерекеге негіз болып отырған қымыз  қазақ халқының ғасырлар бойы пайдаланып келе жатқан ұлттық сусыны  ғана емес, сонымен бірге ол халықтың асыл қасиетін, байлығын, сән-салтанатын, берекесін білдіретін ырыстың, молшылықтың белгісі. Бие сүтінен ашытылатын қымыз құнарлы, адамның жан сарайын ашатын хош иісті және өте сіңімді сусын. Оны қазіргі заманғы ғалымдар да мойындайды. 

Бие байлаудан бастап, қымызды ашыту, оны дайындау әдістері, құятын ыдыстар, қымызды ұсыну, осының бәрінің киелі мәні бар.  Халқымыз жыл маусымына қарай қымызды уыз қымыз, жазғы қымыз, күзгі, қысқы қымыз  деп атаған. Бұл аталғандар қымыздың негізгі түрлері ғана. Ал жалпы қазақ этнографиясында қымыздың 25- ке жуық атауы бар екен.

Соңғы жылдары еліміздің әр аймағында «Қымызмұрындық»  фестивалын  өткiзу дәстүрге айналып келеді. Бұл мерекеге үлкен-кіші, бәрі қатыса алады, қымызды дәріптеумен  қатар, саламатты өмір салтын насихаттауға да қолайлы. Ең бастысы, елімізді мекендейтін басқа ұлттар мен ұлыстарға қазақ мәдениетінің тым тереңде жатқандығын және өте толерантты екендігін, сонымен бірге басқа мәдениеттерді ұйыстыра алатындығын жан-жақты көрсетуімен де ерекше мән-мағыналы мереке.

Жапондар мен қытай халқының шай ішу дәстүрі секілді, қымыз ішуді жоғары деңгейге көтеріп, құрметтеу және арнайы салтқа айналдыру еліміздің туристік әлеуетіне де үлес қосар еді. Қымыз дайындайтын, құятын, оны ішетін сабаларды, әдемі тостағандарды, ожауларды  пайдалану, қымыз ішіп қана қоймай, құрметті қонақтардың ол ыдыстарға бағасын беруі,  қымызға арналған бата жасау және басқа салтымызды жаңғырту қазақтың дәстүрін, қонақжайлылығын, қолөнерін дәріптеумен қатар жүретіні анық.

Жаһандану үдерісі күшейген сайын ұлт болып топтасу және  ұлттық бет-бейнемiздi сақтап қалудың маңыздылығы артып отыр. Қымызмұрындық сияқты мерекелер түрлі ұлт өкілдері мекендеген елімізді бiр арнада шоғырландырудың дәнекерi десек артық айтқандық емес. Дәстүр сабақтастығын сақтай отырып,  ұлттық мерекелерді жаңғыртуға көңіл бөлсек, төлтума мәдениетіміздің өміршеңдігі арта түсері сөзсіз.  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Ұлттық экономика министрі журналистердің сұрақтарына жауап берді
Бұған дейін ол әлемге танымал Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты жұлдыздармен бірлесіп жұмыс істеген
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Жетісу облысында жалпы 2 322 техника жұмылдырылды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →