×

Гендік қор азық-түлік қауіпсіздігі үшін қажет

Жеміс шаруашылығы – аграрлық шаруашылықтың маңызды міндеттері мен мәселелерін шешуге бағытталған іргелі сала

Гендік қор азық-түлік қауіпсіздігі үшін қажет

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің, түрлі дақылдардың өнімділігін арттыруда селекциялық жұмыстардың маңызы өте зор. Селекционерлер отандық жаңа сорттарды шығарумен, оларды өсіру, көбейту технологиясымен және өсімдік генетикасын зерттеумен айналысады. Әрбір елдің климатына, топырақ жағдайы мен ауа райына қолайлы, төзімді дақылдар өсіру – ауыл шаруашылығының басты бағыты. Бұл іске селекционер ғалымдар үлкен үлес қосуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

“Жер тұрғындарының саны өсіп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап барлық мемлекеттер халықты бірінші кезекте азық-түлікпен қамтамасыз ету міндетін басты орынға қояды. Бұл жұмыс селекционерлердің, агрономдар және биотехнологтардың қатысуымен жүргізіледі. Бұл сала үлкен қаражатты талап ететіні рас. Жеміс-жидектің, дәнді дақылдың бір сұрпын шығару үшін оншақты жыл керек. Бірақ ол өзін-өзі ақтайды”, – дейді Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының жас ғалымы Балнұр Қабылбекова.

Расында да, жеміс шаруашылығы – аграрлық шаруашылықтың маңызды міндеттері мен мәселелерін шешуге бағытталған іргелі сала. Бүгінде еліміздегі бау-бақша, жеміс-көкөніс өсіру саласында бәсекеге қабілетті, төзімді сұрыптар алу, жаңа технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, селекцияда биотехнологиялық, молекулярлық зерттеулер өте маңызды. Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қазақстанның бренді саналатын алма дақылының гендік қорын сақтау бойынша жұмыстармен айналысуда. Бұл жұмыстың маңызы жайлы Балнұр Қабылбекова былай дейді:

ХХ ғасырдың ортасынан бастап ғалымдар Жер бетінен кейбір құстардың, өсімдіктердің, жануарлардың түрлері қайтадан қалпына келместей жоғалып жатыр деп дабыл қақты. Табиғатта жойылып кеткен түрді қайта келтіру мүмкін емес. Планетамыздың табиғатын сақтау мақсатында Биологиялық алуантүрлілікті сақтау конвенциясы қабылданды. Біздің Қазақстан 1994  жылы осы конвенцияны ратификациялады. Бұл құжат бойынша әрбір мемлекет өз жерінде өсетін өсімдіктерін, жануарларын, микроорганизмдерін, бүкіл табиғи байлығын сақтау керек деген шарт бар. Ол орман түрінде немесе ботаникалық бақ, дендрарий болуы мүмкін. Не болмаса, арнайы коллекция құрып сақтаса болады. Әлем ғалымдары түрлі өсімдіктерді биотехнологиялық жолмен сақтау технологияларын әзірлеп қойды. Біздің еліміз де осы үрдістен сырт қалмайды.   

Ғалымдардың айтуынша, гендік қор арқылы кез келген өсімдікті, ағашты қайтадан қалпына келтіруге болады. Күтпеген табиғи апаттар болған жағдайда, не болмаса антропогендік әрекеттердің салдарынан әлдебір түр жойылса, генбанктегі үлгі арқылы қалпына келтіреді. Қазақстанда өсімдіктердің, жемістердің генетикалық банкін құру мәселесі көп жылдан бері көтеріліп келеді. Әзірге бұл мәселемен ғылыми-зерттеу институттары айналысып жатыр. Мәселен, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтында ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық банкі құрылған. Бұл жерде астық, көкөніс дақылдары, мал азықтық дақылдар, техникалық  дақылдардың жаңа тұқымдары сақталады.

Ғылыми институттар мемлекет қаржыландыратын ғылыми жобалар аясында өздерінің генетикалық коллекцияларын сақтап қалуға тырысуда. Десе де, ғалымдар мемлекеттік деңгейдегі генбанк болуы керек деп санайды. Бұл мәселе ауыл шаруашылығын дамытудың және оның қауіпсіздігінің,  халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір бөлігі ретінде қарастырылуға тиіс.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →