×

Экономиканың өзегі – тұрғын үй немесе баспана нарығындағы ахуал қандай

2024 жылы Қазақстанда 14.5 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үйлер қолданысқа берілген

Экономиканың өзегі – тұрғын үй немесе баспана нарығындағы ахуал қандай
Сурет: Turkistan.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауында жауапты мемлекеттік органдар мен «Отбасы банкке» өңірлерге көбірек мән беруді тапсырған болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жылдар бойы Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалаларға назар аударылып, ірі шаһарларда құрылыс қарқыны артқаны белгілі. Қалаға ауыл халқының көшуі қалыпты дүние деп қанша қарасақ та, халық көшіп кеткен ауылдардың, аудандардың сиқы көңіл қуантпайды. Ал құрылыс секторындағы шынайы есептер қандай? Қазақстанда құрылыс саласының негізгі көрсеткіштері қалыпты деңгейде ме? Осындай сауалдарға жауап іздеу үшін ресми есептерге үңіліп көрейік.

Жаңа тұрғын үйлердің бағасы

Статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда жаңа тұрғын үйлердің орташа бағасы  шаршы метріне 497 316 теңгені құраған. Биыл қазан айында республика бойынша жаңа тұрғын үйлердің (пәтерлер) бағасы былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,2 пайызға қымбаттағаны аталып өтеді. Бір жылда үй бағасының ең қатты қымбаттаған өңірлердің көшін Ақтөбе қаласы бастап тұр. Аталған өңірде үйдің құны бір жылда 7,7% ға қымбаттап кеткен. Ал, Шымкент, Жезқазған, Өскемен қалаларында керісінше пәтердің бағасы 1-2% арзандап отыр.

Ең көп үйлер қайда салынуда

Халық санының көптігіне байланысты Астана мен Алматыда тұрғын үй бағасы қымбат, құрылыс қарқыны жоғары. Ірі екі қалада бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс өте көп. Бағасы да удай. Маусым айында көппәтерлі үйлерге сұраныс Астанада 25,4%, Алматыда 21,1% құраған. Биыл Астана мен Алматы қалаларында тұрғын үй бағасы әртүрлі өзгерістерге ұшырағанын да атап өту керек. Мысалы, Алматыда тұрғын үй бағасы біраз төмендеді, тамыз айында орта есеппен 15%-ға азайды. Ал Астанада шілде айымен салыстырғанда тұрғын үй бағасы шамамен 19,8%-ға артты. 

Ескісі жаңасынан қымбат

Сонымен бірге, қайта сату нарығындағы үйлер бір қызығы жаңа пәтерлерден қымбат бағаланып отыр. Қазан айында республика бойынша тұрғын үй нарығындағы қайта сату нарығында пәтерлердің бір шаршы метр үшін орташа баға – 509 450 теңгені құраған. Бұл жаңа пәтерден қарағанда 2,5%-ға жоғары. 

Соған қарамастан қайта сату нарығы жаңа пәтермен салыстырғанда өсуі баяулап, теңесу нүктесіне жақындап қалды. Егер осы тренд сақталса, 2025 жылдың І жартыжылдығында жаңа мен қайта сату нарықтарындағы үйдің бағалары теңесуі ықтимал.

Құрылыс тоқтамайды 

Жалпы ресми есепке сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елде 14,5 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Былтырғы көрсеткіш – 12,4 миллион шаршы метр. Оның ішінде көппәтерлі үйлердің көлемі 7,6 миллион шаршы метр болса, жеке үйлердің көлемі шамамен 4,7 миллион шаршы метрді құраған. Жалпы тұрғын үй құрылысының көп бөлігін жеке құрылыс компаниялары жүзеге асырып, олар 11,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салған. Осы көрсеткіштер тұрғын үй құрылысы қарқынының тұрақты екенін айғақтайды.

Алыпсатарлар көп

Тұрғын үй нарығында пәтерді басқа тауарлар секілді алып сататындар көп. Биыл қыркүйекте тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 543 мәміле тіркелген. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 9 036 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 30 507 мәміле жасалған. 2024 жылдың тамызымен салыстырғанда (40 832) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,2%-ға азайған. Мәмілелер саны бойынша Алматы (8 163 – 20,6%) және Астана (6 646 – 16,8%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 989 – 7,6%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 396 мәміле (1%) болып отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Сыр өңірінде жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 92%-дан асты
Кеше, 16:36

Сыр өңірінде жақсы жағдайдағы жолдың үлесі 92%-дан асты

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді
Алматыда жыл басынан бері 50 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →