Тарихшы тарихи сананы жаңғырту үшін этнологияның мүмкіндігі зор ғылым деп санайды
Тарихшы Жамбыл Артықбаев тарихи сананы жаңғырту үшін этнография ғылымын дамыту керек деп есептейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тарихшының сөзінше, қазақ халқына әсер ететіні – ХХ ғасырдағы репрессиялар. Ол өте ауыр кезең болған. Жамбыл Артықбаев этнографиялық экспедицияда жүргенде өзіне бір қария «біз 1 ғасырда 5 ғасырдың ауыртпашылығын көрдік» деген екен.
«Сол бізге әлі күнге дейін теріс әсер етеді. Өйткені, халықтың халық екендігін анықтайтын 10-ақ пайыздай белсенді бөлігі ғой. Соны қырып тастаған уақытта қалған халық өзінің бағыт-бағдарынан айырылып қалады. Жасыратын ештеңесі жоқ. Сөйтіп, олардың ортасында үлкен ауыр проблемалар басталып кетеді. Өйткені, қара халық қаймағынан айырылып, көк сүт болып қалды. Біріншіден, біз қазақи кеңдігімізден айырылып қалдық. Табиғатымыздан кең едік. Мына даланың еркін киігі сияқты сенікі, менікі жоқ қазақ анасы бәріне ана болып жүре береді ғой. Қазақ ақсақалы да сондай кең еді. Осыдан айырылып қалдық. Бұл қазіргі күні этносаралық қарым-қатынастарға әсер етіп отыр. Тар шеңберде ойлаймыз. Іштарлығымыз көбейіп кетті. Сол себептен таршылық ол дұрыс әсер етпейді. Тар заманнан өткеннен кейін сол мінезден айырыла алмай отырмыз», – дейді ол.
Тарихшы тарихи сананы жаңғырту үшін этнологияның мүмкіндігі зор ғылым деп санайды. Оның сөзінше, шетелдік этнографиялық орталықтар ашық жұмыс істемейді. Көбінесе жабық жұмыс істейді. Өйткені, этносқа байланысты мәселелерді дабыра қылып айта беруге болмайды. Дәрігердің пациенттің ауруын айта бермейтіні сияқты, этнография ғылымын да этностың дәрігері деп атайды.
«Көпшілік этносқа байланысты этнографиялық зерттеулер жүргізіліп жатады ғой. Бізге, қазаққа да қатысты зерттеулер жүргізіледі. Әсіресе, 90 жылдары жақсы жүргізілді. Өйткені, бізді әлем білмеуші еді. «Айдалада ұлан байтақ жері бар кім ол?» деп. Сондықтан біз зерттеу объектісі болдық. Әлі де болып келе жатырмыз. Осындай-осындай этнография ғылымының саяси мүддеден туған зерттеу әдістері бар. Мәселен, Орталық Азиядағы позициямызды дұрыс ұстап қаламыз десек, бұрынғы мына дәстүрлі позициямызды, орнымызды қайтарып аламыз десек, бізге этнография ғылымы міндетті түрде керек. Алты алаш деген ұғым тек қана қазақ емес қой. Маңайымыздағы шағын этностардың бәрі мемлекеттің құрамында болды», – дейді ол.
Тарихшы сонымен бірге, Құрбанғали Халиттің «қазақ шежіресі мың жылдың ішінде адаспайды» дегенін есіне алды.
«Ал біз сол шежіреден ажырап кеттік қой. Патролиниялық деңгейде қалып қойдық та, үлкен рудың бір патролиния есебінде қабылдаймыз. Ол – бір ата, жеті ата. Мұнда туысқандық қарым-қатынастар сақталады. Бірақ жеті ананың ішінде сырттан келген элементтер болады. Ал бүкіл үлкен тайпаларды айтсақ, оның 25-30 пайызы сырттан келген. Этникалық топтар әртүрлі жолмен кірген. Арғынның ішін алып қарасаңыз, үш түрлі қырғыз бар. Олар: ескі қырғыздар (Енисей заманынан бергі) бар, содан хангелді қырғыз, дөйт қырғыз, найман қырғыз деген топтар бар. бұлар да ертеде келген. Онан кейін Абылай заманында келген қырғыздар бар. Содан үшінші топты таптым. Бұл – Кенесары заманында келген қырғыздар. Кенесарыға қосылып кеткен.. Кенесарының қарамағындағы ел қайтқан кезде осы Есіл бойына қайтып қалып қойған. Осы сияқты топтар бар. Осындай мәселелерді зерттеу – этнография ғылымының негізгі мақсаты, борышы», – дейді Жамбыл Артықбаев.