Дәрігерлердің айтуынша, ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығы вирусы
Дүниежүзілік ЖИТС ке қарсы күрес күніне орай, Түркістан облысы Кентау қалалық емханасында Ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шара барысында орталық мамандары АИТВ инфекциясының алдын алу және одан сақтану шаралары жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізі, тұрғындардың өз мәртебесін анықтауына мүмкіндік берді. Өз кезегінде емхана мамандарымен бірлесіп өткізілген бұл шара тұрғындар тарапынан қолдау тауып, алғысқа ие болды. Негізінен, ЖИТС АИТВ – инфекциясын жұқтырған адамдарда дамиды және осы аурудың соңғы кезеңі болып табылады. Ол адам денесінің әр жерін, ең бастысы – иммундық жүйесін жаулап алады. АИТВ жұқтырған және ЖИТС-пен ауырған бірдей емес. АИТВ жұқтырған сәттен ЖИТС даму ұзақтығы 7 жылдан 15 жылға, одан да көп уақытқа созылуы мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығы вирусы. Бұл толық таусылған адам ағзасында кездесетін және бір-біріне қабаттасатын ауыр аурулардан қорғай алмайтын АИТВ инфекциясының дамуының соңғы сатысы. ЖИТС кезеңінде дененің әртүрлі мүшелері мен жүйелерінің қайтымсыз және өмірге сәйкес келмейтін зақымдануы орын алады.
Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады, дейді мамандар. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы ЖИТС-ке айналмайды.
Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны АИТВ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді.