Мамандар "мектептегі тамақтандыруды" қала және өңірлік деңгейде талқыланғаны дұрыс деп есептейді
Алматыда таяуда «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры мен Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиындағы басты тақырып – Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері әзірлеген мектептегі тамақтанудың жаңа стандартын талқылау. Мамандардың өзі мектептегі тамақтандырудың осылай қала және өңірлік деңгейде талқыланғаны дұрыс деп есептейді. Себебі бұл мәселе ең алдымен, балалардың денсаулығына қатысты. Жиында әр саланың маманы ойларын ортаға салды. Көбінің стандартқа көңілі толмайды.
Әлеуметтік мониторингтің қорытындысы
Қазір мектептегі тамақтандыру стандарты білім беру мекемелеріндегі тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Алайда стандартты қабылдау үшін қоғамның белсенділігі қажет дейді мамандар.
«Әділдік және өркендеу» қоры биыл қараша айында мектеп сапасына қатысты ауқымды әлеуметтік мониторинг жүргізген. Зерттеуге елдің әр өңірінен 10 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Олардың 53%-ы ғана мектеп тамағының сапасына көңілім толады деп жауап берген. Ал 10%-ы «нашар» деген нұсқаны таңдаған.
«Біз бұл мәселе қоғамды алаңдатып отырғанын көрдік. Мыңдаған ата-ана өз пікірін білдірді. Олардың ұсынысын негізге ала отырып жаңа стандарт әзірленді. Ендігі мақсат бұл стандартты бекітіп қана қоймай, оның сақталуын қамтамасыз ету. Қоғамдық бақылау — сапа кепілі. Белсенді ата-аналар, сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдерінсіз мектеп асханалары жаңа стандарт бойынша тиімді жұмыс істей алмайды», – деді Қордың Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Мирас Байсейітов.
Оның айтуынша, стандарт жобасын қоғамдық талқылау үшін 10 күн жеткіліксіз. Әлдеқайда көп ой-пікір жинап үлгеру үшін «Әділдік және өркендеу» қоры бұл мерзімді ұзартуды ұсынды.
Талапқа сай келмейді
Қазақ тағамтану академиясының диетолог дәрігері Вероника Уливанова қазіргі мектеп мәзірінің стандарты талаптарға сай келмейтінін айтады. Оның сөзінше, жаңа стандарт қажет.
«Қазіргі уақытта мәзірді диетологтар емес, азық-түлік жеткізушілер қалыптастырады. Балалардың рационында қант, тұз және май көп. Бұдан бөлек, өткен ғасырда әзірленген тағамдардың тізімі қолданылады. Сондықтан жаңа стандарт жасау қажеттілігі туындап отыр», – деді ол.
Мектептегі тамақтану – ұлттық қауіпсіздік мәселесі
Дөңгелек үстелге Алматы мәслихатының депутаттары, қаланың Қоғамдық кеңесінің мүшелері, Тағамтану академиясының мамандары, қоғам белсенділері мен ата-аналар қатысқан. Олар жаңа стандартты ғана емес, азық-түлік жеткізушілердің жұмысына мониторинг жүргізу мәселесін талқылады. Мәселен, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің білім мәселелері бойынша комитет төрағасы Рафаэль Гасанов келесі жылдан бастап қоғамдық кеңес мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын да тексере бастайтынын айтады. Яғни, бұл балабақшалар, үйірмелердің барлық түрлері деген сөз. Олардың бәрінде бала көп.
«Былтыр да, биыл қыркүйек айында да мен қоғамдық кеңестің отырысына тамақтану академиясын да шақырған едім. Менің ойымша, мәселе өте маңызды. Біз алда Мемлекет басшысының атына үлкен хат дайындап жатырмыз. Үкіметке, біздің депутаттарға, Парламенттегілер де мәселеден хабардар болса екен дейміз. Парламенттегі әріптестер де Қазақстандағы тамақтану сапасы мәселелері тиісті деңгейде емес деп алаңдайды. Бұл туралы Премьер-министр де айтты. Әртүрлі сұрақтар бар. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері тамақтану мәдениеті қалыптасқан дұрыс деп есептейді. Тамақтану мәдениеті отбасынан бастап жүргізілуі керек. Бұл елдің ұлттық қауіпсіздігі мәселесі. Біз мұнда нақты ортақ пайымға келуіміз керек», – дейді Рафаэль Гасанов.
Іске мамандарды тарту керек
Журналист, блогер, Edu Stream компаниясының қкілі Полина Шиманская мектептегі тамақтану мәселесіне нақты мамандарды тарту керек деп санайды. Әйтпесе, іші пысқанның бәрі қазір мектепке ақыл айтатын болған. Аққу, шортан һәм шаяндай, әркім әрқилы пікір айтады. Ата-аналар да тамақ дайындауды үйретуге тырысады.
«Осының салдарынан біз мектептегі тамақтың 70% қоқыс жәшігіне лақтырып жатырмыз. Экономиканың елдегі қазіргі жағдайына қарамастан, таза тамақтың далаға лақтырылып жатқанын көру өте ауыр. Қыста қияр мен қызанақ салаттары лақтырылғанын көзбен көрдік. Бұл бюджет ақшасы емес пе!? Оны үнемдеу керек. Менің ойымша, бұған мамандар қатысуы керек. Осы мәзірді біз мектепте бұрын-соңды болмаған, балалары жоқ адамдардың әзірлейтінін көреміз», – дейді ол.
«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры – жаңа үлгідегі үкіметтік емес ұйым. Қор белсенді азаматтық ұстанымы бар, Әділетті Қазақстан құруға үлес қосқысы келетін қазақстандықтарды біріктіреді. 20 өңірде өкілдігі мен 8 мыңға жуық жақтасы бар.
Қор өз жұмысында қоғамдық бақылау мен әлеуметтік мониторингке ерекше басымдық береді.