Қазақстанда бала асырап алу қиын емес
Ақмола облысы әкімінің Әйел мен баланы қорғау мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, мәслихат депутаты Құралай Жұмабекова жақында «Сенімен Болашақ» бірлестігінің «Кең Жүрек» номинациясына ие болды. Бұл сыйлық нағыз өз иесін тапты деп ауыз толтырып айтуға болады, өйткені Құралай балалар үйінен онннан аса баланы бауырына басып, тәрбиелеп отыр. Qaz365.kz тілшісі қаншама балаға мейірім нұрын төккен анамен аз-кем әңгімелесіп, қоғамды мазалайтын бірер сұрақты қойды.
Өзіміздің қорымыз бар
Құралай Жұмабекова Ақмола облысына қарайтын, Астанадан бар-жоғы 20 шақырым жерде орналасқан Қосшы қаласында тұрады. Өзі 17 баланың анасы. Алты бала өз құрсағынан тараса, қалғанын асырап алған. «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігімен үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл жолы бірлестіктегі ниеттес жандар оны «Кең Жүрек» номинациясымен марапаттады.
«Мен осы Ақмола облысында бала асырап алуға үміткер ата-аналармен жұмыс істеймін. Бала асырап алуға құштар ата-аналар аз емес. Бірақ олар қарапайым құжат жұмыстарынан бастап, бейімделу, тәрбие берудің қыр-сырын түсіне бермеуі мүмкін. Сол себепті өзіміздің «Демеу сенім» деген қорымыз арқылы жұмыс істейміз. Бала асырап алған ата-аналарды біріктірген клубымыз бар. Сонда, міне, 16 жылдан бері бүкіл сұрақты талқылап, жоспармен жұмыс істейміз», – дейді ол.
Құралай Жұмабекованың сөзінше, Ақмола облысында балалар үйі атымен жоқ. Депутат ата-аналарсыз қалған балаларды бірден отбасына орналастыруға тырысатындарын айтады. Тағы бір жағдайда ата-ана құқығынан айырылайын деп жатқан отбасыларға көмектеседі. Ортақ мәселелерді талқылайды. Мәселенің себебін анықтап, жұмыс жүргізеді. «Сенімен Болашақ» ұйымымен бірлесе талқылап, өзекті проблемаларды қозғап, ата-аналардың жауапкершілігін оятады.
«Сенімен Болашақ» бірлестігімен серіктестік
Құралай Жұмабекованың айтуынша, «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі 2023-2024 жылдары жұмысын 10 тақырыптық бағытқа бөлген. Атап айтқанда, репродуктивті денсаулық, буллинг пен кибербуллингке қарсы тұру, мектептер мен ата-аналар арасындағы тиімді ынтымақтастық, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасын сақтау және ажырасудың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, саналы ой-сезім пен қысылтаяң жағдайларға төзімділік дағдыларын дамыту, тұлғалық даму, құмар ойындарға тәуелділікпен күресу, суицидтің алдын алу. Осы он бағыт бойынша түрлі әлеуметтік жобалар арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге атсалысады.
«Біз тікелей ата-аналармен жұмыс істейміз. Әрбір ата-ана құмар ойындардың, суицидтік ойлардың немесе ерте жүктіліктің алдын алу үшін не істеу керек деген тақырыптарды қозғаймыз. Біз ата-аналарға да, балаларға да осы проблемалардың салдарын ақпараттандырып, болдырмау үшін шаралар қабылдау маңызды екенін түсіндіріп келеміз. Бірқатар іс-шаралар өтіп тұрады. «Аналар кеңесі» деген бар. Сондай-ақ шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасылармен әңгімелесеміз. Олардың қаржылық жағдайына қараймыз. Себебі, осы қаржылық қиындықтан, материалдық жетіспеушіліктен ажырасып жатқан отбасылар да жетерлік. Сондықтан үй болып жатқан жастармен әке-ана қандай болу керектігін, олардың бала тәрбиесіндегі рөлі, қаржылық сауаттылық жайлы әңгімелесеміз», – дейді ол.
Сондай-ақ ол «Сенімен Болашақ» бірлестігі арқылы балаларын әкесіз, бір өзі тәрбиелеп жатқан жалғызбасты аналарға, өмірлік қиын жағдайларға тап болған жандарға көмектеседі.
«Оларды оқытып, психологиялық көмек көрсетіп, жұмыс табуына дейін жәрдемдесеміз. Бізде ондай мәселе өте көп. Колледждерге де барамыз. Ондағы бойжеткендермен ерте жүктіліктің алдын алу үшін не істеу керектігі жайлы және өзге де тақырыптар бойынша әңгімелесеміз. Қазір жастар өз-өзін қорғамайды, денсаулықтарына немқұрайлы қарайды, сондықтан оларға дұрыс тамақтанудан бастап бәрін көрсетіп, ақпарат береміз», – дейді Құралай Жұмабекова.
Бала асырап алуына не түрткі болды
Құралай Жұмабекова балаларды асырап алуға не түрткі болғанын баяндап берді.
«Балаларды асырап алуыма неше түрлі себептер болды. Біріншіден, бес баланы балалар үйінен таңдап алдық. Басқа алты баланы өзге отбасы балалар үйіне өткізіп жатқан жерлерінен әкелдік. Екі бала басқа отбасынан келді. Өз тәтелері кіші баласын ұрып, денсаулығына зақым келтіргеннен кейін түрмеде отыр. Қазір балалары менде. Радмир деген баланың мүгедектігі бар. Ол бірнеше рет басқа отбасыларда болған. Ол отбасылар балалармен тіл табыса алмаған. Содан балаларды қайтарған. Мен өзім қамқорлығыма алып, балаларды реаблитациядан өткізіп жатырмын», – дейді ол.
Бала асырап алу қиын ба?
Қоғамда бала асырап алу қиын деген пікір көп тараған. Оған елдегі балаларға қарсы жасалған қылмыстар да түрткі болуы мүмкін. Осының мән-жайын Құралай Жұмабековадан сұрағанымызда ол ниеттенген адамға бала асырап алу ел ойлағандай қиын емес екенін айтты.
«Қазақстанда бала асырап алу қиын да емес. Біріншіден, бала асырап алатын ата-аналардың мектебін оқу керек. Үш ай оқытылады. Содан кейін сертификат алады. Ол оқуда бәрі көрсетіледі. Онда балалармен қалай жұмыс істелетіні, қандай ата-ана болу керектігі де. Психологиялық жағдай көрсетіледі. Бәрін сол жерде талқылап, ата-аналар дайындалады. Бірақ бұдан кейін бала беріле салмайды. Ондай санаттағы ата-аналарға әрдайым оқуға тура келеді. Себебі, отбасыға балалар әртүрлі мінезбен келуі мүмкін», – дейді ол.
Парламентші неге дабыл қақты
Биыл Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов елімізде асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару саны артып жатқанын айтып, дабыл қаққан болатын. Ерболат Саурықовтың дерегінше, 2020 жылы 160 бала, 2021 жылы 197 бала, 2022 жылы 217 бала балалар үйіне қайтарылған. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мұндай проблема бар екенін растаған болатын.