Кәсіпкерлігі тіркелмей жүргендердің мобильді аударымдары бақыланады
Каспий банк шотына аударымдарына енгізілетін лимиттер мен шектеулердің қалай тексерілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді.
«Үш ай қатарынан 100 түрлі адамнан аударым түссе ғана, салық органдары тексереді. Сомасы маңызды емес. Мәселен, жеке адамның Каспиіне қаңтар айында 100 түрлі адам, ақпанда да 100 адам, наурызда да 100 тұлғадан ақша аударылса ғана назарға ілінеді. Мобильді аударымдар – кәсіпкерлерге емес, жеке тұлғаларға арналған құрал. Оларға салық салынбайды. Бірақ кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін мобильді көп пайдаланып кетті. Сондықтан салықтан жалтарғандарды анықтап, олардың кірісіне салық төлеуді міндеттеу және кәсіппен айналысса да, тіркелмей жүргендерді дара кәсіпкер ретінде тіркету мақсатында мобильді аударымдарды бақылаймыз», – деді Ерсайын Көптілеуұлы.
Ол сонымен қатар, 255 мың теңге шек әлі заңмен бекітілмегенін айтады. Бұл Қаржы министрлігінің ұсынысы ғана екен. Осы ретте маман 255 мың теңгенің қайдан шыққанын түсіндіріп берді.
«Бізде Кәсіпкерлік Кодексінде 12 ең төменгі жалақы деген түсінік бар. 12 ең төменгі жалақыдан төмен табыс тапсаңыз, сіз дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылысыз. Ал енді 255 мыңға келсек, бұл – үш айдағы ең төменгі жалақы. Бір жылда 12 ай бар деп есептесек, 3 ай бойынша ең төменгі жалақы көлемі 255 мың болады. 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды. 3-ті 85 мыңға көбейтсеңіз 255 мың болады», – деп түсіндірді ол.