Рәтбек қажы Нысанбайұлы ҚМДБ-ны құрушы, бастамашысы
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толады. Ал осы басқарманы құрған алғашқы бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы 12 қаңтарда 85 жасқа толады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Екі мерейлі датаның құрметіне бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рәтбек қажының иығына шапан жауып, темір тұлпар сыйлады.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, 1990 жылдың 12 қаңтарында, қасиетті жұма күні қазақ елінің рухани өмірінде үлкен тарихи оқиға болды. Дәл осы жерде, яғни Алматы қаласындағы Орталық мешітте біздің мүфтиятымыз Орталық Азия мұсылмандарының діни басқармасынан бөлініп шығып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болып қайта құрылғаны туралы қуанышты хабар жарияланды. Бұл қуанышты хабарды Қазақстан мұсылмандарының бірінші құрылтайында бас мүфти болып сайланған Рәтбек қажы Нысанбайұлы хабарлаған еді. Осы сәтті пайдаланып, Рәтбек қажыға айрықша алғысымды білдіремін. Тағы бір хадистердің бірінде: «Кім сендерге жақсылық жасаса, оған сыйлық беріңдер. Егер берер сыйлық таппасаңдар, ол үшін дұға жасаңдар» делінген. Мен осы ретте сонау тоқсаныншы жылдар кезінде мүфтиятымызды аяқтан тұрғызуға, дінімізді дәріптеуге үлкен үлес қосқан Рәтбек Хазіретімізге өздеріңіздің аттарыңыздан темір тұлпар сыйлау туралы шешім қабылдадым. Хазіретімізді қуантуға үлес қосқан демеуші азаматтарға өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан айрықша алғыс айтамын. Алла разы болсын!, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ ол мүфтиятты әр жылдары басқарған Ержан қажы Малғажыұлына, Серікбай қажы Оразға құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.