Өзбекстанда «Сәлімбай» немесе «Сәлім-байбатша» деген лақап есімімен қылмыс әлеміне атышулы Сәлім Әбдуалиев бостандыққа шықты деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол «өзбек мафиясының басшысы» ретінде белгілі және Қырғызстан тарапынан ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Камчы Көлбаевпен байланысы үшін іздеуде жүрген.
Газета.uz мәліметінше, қылмыс әлемінің серкесі ауыр науқасына байланысты жазасын әрі қарай өтеуге мүмкіндігі болмағандықтан босатылған.
Сәлім Әбдуалиев 1950 жылы Ферғана облысында дүниеге келген. Ол ықпалды кәсіпкерлердің бірі болып, спорттық ұйымдарды басқарған, кинопродюсер болған. 2008 жылы спортты дамытудағы еңбегі үшін Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың мемлекеттік марапатын иеленген. 2017 жылы Өзбекстанның Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған.
2024 жылдың наурыз айында Ташкент соты Сәлім Абдувалиевті атыс қаруын заңсыз айналымға шығарғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.