×

Алматылық музей қызметкерлеріне қандай қолдау көрсетіліп жатыр

Жергілікті деңгейде мұражайлардың қызметі де белсенді дамып келеді

Алматылық музей қызметкерлеріне қандай қолдау көрсетіліп жатыр
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы – музей қызметкерлерін әлемнің жетекші мәдени орталықтарына оқуға жіберіп,  тағылымдамадан өтуге және шетелде көрмелер ұйымдастыруға мүмкіндік жасайтын Қазақстандағы жалғыз қала, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы әкімдігінің қолдауымен мұражай саласының қызметкерлері Францияда (Париж, Лувр), Оңтүстік Кореяда (Сеул), Сингапурда, Түркияда (Стамбул), Италияда (Неаполь), Аустрияда (Вена), Әзірбайжанда (Баку), Чехияда (Прага) және басқа елдерде өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдірді. Бұл алматылық музейтанушыларға әлемдік озық тәжірибелерді қабылдауға және оларды мәдени мұраны сақтау мен дәріптеу үшін қолдануға мүмкіндік береді.

Алматы әкімдігі мұражай қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға да көп көңіл бөледі. 2023 жылы қала әкімінің бастамасымен мұражай қызметкерлерінің ай сайынғы еңбекақысы жергілікті бюджет есебінен 30%-ға ұлғайтылды. Бұдан басқа, қызметкерлердің жалақысы жыл сайын республикалық бюджет есебінен 18%-ға артуда. Сондай-ақ, саладағы 30 жас қызметкер «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы аясында үй алып, қоныс тойын атап өтті.