Қанат Ахметов төрт баланы тәрбиелеп отыр
Алматыда мүгедектер арбасындағы жолаушыға назар аударған №66 қалалық маршруттың автобус жүргізушісі Қанат Ахметов мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың атынан алғыс алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін экоактивист Евгений Мұхамеджанов әлеуметтік желілерде мүгедектер арбасындағы жолаушыға берілген көтергіштің көмегімен көлік құралына кіруге көмектескен автобус жүргізушісінің мейірімді және ұқыпты екеніне қалай куә болғаны туралы әңгімелеген еді. Кейінірек бұл жарияланымға қала тұрғындары көптеген жылы лебіздер білдірді.
Қала басшысының атынан жүргізушіге бағалы сыйлық пен Алғыс хатты табыстаған «Алматыэлектротранс» автопаркінің басшысы Александр Бейсембиев оның кәсібилігін және бауырмалдығын ерекше атап өтті.
Автобус жүргізушісі Қанат Ахметов қала басшысының өзінің ісіне назар аударғанына және қала басшылығының жылы сөздеріне ризашылығын білдірді.
«Мен өз жұмысымды тек нұсқаулықта көрсетілген іс-қимылды орындау және қоғамдық көлік жүргізушісі қандай болуы тиіс екендігін түсіну арқылы жасадым. Біз жолаушыларды тасымалдап қана қоймаймы, сонымен қатар күн сайын адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына мән береміз. Кез келген әріптесімнің осындай игі істі атқаратынына сенімдімін», - деді Қанат Ахметов.
Қанат Ахметов төрт баланы тәрбиелеп отыр, «Алматыэлектротранс» автобусының жүргізушісі болып бір жылға жуық жұмыс істейді.