Елде азаматтық қоғамды дамытуға не жетіспейді
Алматы қаласында бесінші «ЕО-Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» жұмысын бастады. Форум үш күнге жалғасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Форумның мақсаты қандай
ЕО институттары, БҰҰ агенттіктері, Орталық Азия елдерінің үкіметі және азаматтық қоғам ұйымдарының (АҚҰ) 150-ден астам өкілдерінің басын қосқан 5-ші «ЕО-Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» Алматы қаласында өз жұмысын ресми түрде бастады.
Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын ЕО-ның Орталық Азияға арналған азаматтық қоғамды қолдаудың аймақтық механизмі аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының жобаларға қызмет көрсету жөніндегі басқармасы (ЮНОПС) ұйымдастырған үш күндік іс-шара аймақтың болашағын қалыптастыратын маңызды мәселелерге, соның ішінде цифрлық трансформацияға, климаттың өзгеруіне, жастардың қатысуына және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бұл төрт жылдық бастаманың негізгі мақсаты - ынтымақтастықты нығайту және тиісті мемлекеттік басқару мен тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін өңірлік шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысудағы рөлін арттыру арқылы бүкіл Орталық Азия бойынша азаматтық қоғам ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейту.
«Ең өзекті мәселелерді шеше аламыз»
5-ші «ЕО-Орталық Азия азаматтық қоғам форумы» диалог үшін маңызды алаң ретінде қызмет етеді. Ол қатысушыларға ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы мен «Global Gateway» басымдықтарын ілгерілету жөнінде идеялармен алмасуға және ынтымақтастыққа мүмкіндік береді.
Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Жоғары Мәртебелі Алешка Симкич демократиялық басқару мен орнықты дамуды ілгерілетудегі азаматтық қоғамның маңыздылығын атап өтті.
«ЕО Орталық Азиямен қарым-қатынасын нығайтуға, сондай-ақ өңірлік тұрақтылықты, әлеуметтік инклюзивтілікті және орнықты дамуды қамтамасыз етуге өз үлесін қосатын азаматтық қоғамның баға жетпес жұмысын қолдауға міндеттенеді. Ынтымақтаса отырып, біз жастар мен әйелдердің өз болашағын қалыптастыруда белсенді рөл атқаруына мүмкіндік бере отырып, цифрлық трансформациядан климаттың өзгеруіне дейінгі заманымыздың ең өзекті мәселелерін шеше аламыз», - дейді ол.
Сындарлы диалог
Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер Министрінің Орынбасары Жоғары Мәртебелі Роман Василенко Қазақстанның азаматтық қоғам бастамалары мен өңірлік ынтымақтастықты қолдауға деген бейілділігін атап өтті.
«Қазақстан азаматтық қоғамды даму күн тәртібіміздегі маңызды серіктес деп біледі. Бұл Форум мақсаттарымызды үйлестіріп, Орталық Азия елдерінің барынша өркендеуі мен инклюзивті болуын қамтамасыз ету жолында бірлесе жұмыс істеуге бағытталған азаматтық қоғам ұйымдары мен үкімет өкілдері арасындағы сындарлы диалог өткізу алаңын ұсынады», - деді Василенко.
Аустриядағы ЮНОПС Еларалық Кеңсесінің Директоры Міндетін Атқарушы Гюрель Гуркан тұрақты өзгерістерді ынталандырудағы азаматтық қоғамның шешуші рөлін атап өтті. Ол ЮНОПС-та біз даму жолындағы күрделі мәселелерді шешуде ынтымақтастық пен инновациялардың күшіне сенетінін жеткізді.
«Азаматтық қоғам жергілікті деңгейде оң өзгерістерді қамтамасыз ете отырып, осы жұмыстың алғы шебінде тұр. Біздің серіктестіктеріміз арқылы біз Орталық Азиядағы инклюзивті дамуға жәрдемдесу және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге көмектесу мақсатында азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін арттыруға тырысамыз. Бұл Форум білім алмасуға, серіктестік қарым-қатынас орнатуға және осы аймақтың елдері үшін ең маңызды мәселелер бойынша оң үдерістерді жеделдетуге бірегей мүмкіндік береді», - дейді ол.
Қазақстанда қоғамдық ұйымдар қалай жұмыс істеп жатыр.
Qaz365.kz тілшісі форумға келген «Маңғыстау облысы Азаматтық альянс» ЗТБ жетекшісі Жібек Ахметовамен тілдесіп, бірнеше сұрақ қойды. Оның өзі осындай ауқымды шараға бірінші рет қатысып отыр.
Оның айтуынша, іс-шараға әр жылы әртүрлі адамдарды шақырады. Әртүрлі тараптарды, жаңа адамдардың жаңа пікірлерін білгісі келеді. Өзінің 15 жылдай үкіметтік емес ұйымдарда тәжірибесі бар. Ол 2009 жылы жаңадан бастаған кезде ҮЕҰ деген не, ол немен айналысады дегенді ешкім түсінбеген. 2006-2010 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамытуға арналған тұжырымдама ғана болған. Соны әкімдерге көрсетіп, жұмыс істеген кезде қиындықтарға тап болған. Ал қазір Қазақстанда жылдан жылға дамып келе жатыр. Қоғамдық ұйымдардың жұмысын реттейтін, азаматтық қоғамды дамытатын арнайы қоғамдық бақылау заңдары бар. 2005-2009 жылмен салыстырғанда көп мүмкіндік беріліп отыр. Донорлар да жетерлік. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Қазір өздері ұсыныспен шығып, мемлекеттік грант, әлеуметтік тапсырыс дегендер пайда болған. Әкімдіктер де тікелей қаржы бөле алады.
Кеңселік үй-жай жоқ
Жібек Ахметова Еуропадағыдай азаматтық қоғамды, қоғамдық ұйымдардың жұмысын дамытуға не жетпейтінін айтты.
«Қоғамдық ұйымдардың ең бір мәселесі – кеңселік үй-жайымыз жоқ. Сондай мәселе. Екіншіден, жобалардың тек бір мезгілдік болуы. Бір жылда көп нәрсені жасап үлгермейсің. Ұзақ мерзімді жобалар жоқ. Мемлекеттік тапсырыстар бір жылға ғана беріледі. Ұзақ жылғы жобаларды енгізсе, кеңсемен көмек көрсетсе дейміз. Жоба барда кеңсе жалдайсың да, жоқ кезде кеңсе де жоқ. Қостанайда ҮЕҰ-ларға арнайы кеңсе берген. Сондай орындар берілсе болар еді», - дейді ол.
Оның сөзінше, ұйым азаматтық бастамаларды жүргізуге көмектеседі. Қоғамдық ұйымдардың ашылуына, олардың алға жылжуына жұмыс істейді.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы қоғамдық ұйымдарға халықтың сенімі қандай екеніне тоқталды.
«Айтарлықтай сенім бар деп айта аламын. Бізде көптеген үлес қосып жүрген, қоғамның мәселелерін шешуге атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдар өте көп. Әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, мүмкіндігі шектеулі адамдардың, әйелдердің, жастардың мәселесімен айналысып жүрген қоғамдық ұйымдар өте көп. Солар қоғамның сеніміне ие. Халық солардың қызметін алып отыр. Көбінесе әлеуметтік қорғауға қатысты қоғамдық ұйымдар көп», - деді ұйым жетекшісі.