Ол кәсіподақ пен газет иелерінің өтінішін орындай алмайтынын айтып жеткізді
Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Құранбек Сәрсен Абайұлы Қалалық білім басқармасына келіп түсетін ыңғайсыз өтініштер туралы айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ол Қалалық білім басқармасының кезекті жоспарланған жиынында БАҚ өкілдеріне жауап беру кезінде мәлімдеді.
“Мен атын атап, түсін түстемей-ақ қояын. Қаламызда бірнеше кәсіподақ бар. Кәсіподаққа кіру дейтін әр адамның ерікті қонституциялық құқығы. Біз кез-келген мұғалімге кәсіподаққа мүше бол деп айта алмаймыз.Сондай кәсіподақтың бірінен бізге сәлемдеме келетіні рас. Бұрынғы басшылықтың тұсында уәде де берілген болса керек-мыс. Бірақ біз ол уәдені орындай алмадық. Орындамаймыз да! Орындай алмайтын себебіміз – егер біз мәжбүрлесек онда ол адамның конституциялық құқығына қол сұғу болып табылатын еді”, – деді Сәрсен Абайұлы.
Қала әкімінің орынбасары сөз арасында мектеп мұғалімдеріне газетке күштеп жаздырудың соңы жақсылыққа апармайтынын, бітпейтін дау-дамайға ұласатынын айтты.
“Және бізде кейбір кісілер газет шығарады. Білім басқармасына сол адамдардан газетіне де бірнеше мың адамды жаздырып берсін деген өтініштер келіп түскені рас. Бірақ, біз, ол өтінішті де орындай алмадық. Қазіргі таңда еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» өзіне де күштеп жаздыра алмаймыз. Мұғалімдер деген үлкен күш. Ал ертең 10-15, 20 мың адамды газетке жазылыңдар деп кұштейтін болсақ не болады?! Әрине, арты дау-дамайға ұласады. Ал енді бұндай өтініштерді орындамағаннан кейін кім жаман?! Әрине, біз жаман, Білім басқармасы жаман, орынбасарлар жаман! Әйтпесе, біздің бас жарып, көз шығарған ешқандай әрекетіміз болған жоқ. Ешкімді қудалауға ұшыратқанымыз жоқ”, – деді Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.