Тергеу нәтижелеріне тараптар сотқа шағымданды
Астана әкімдігі қаладағы автотұрақтар үшін жауапты «Астана тұрақ кеңістігі» компаниясымен келісімді бұзуы мүмкін, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жоғарғы Сот Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДАД) департаментінің «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС астананың тұрақ кеңістігін басқару жөніндегі МЖӘ жобасы шеңберінде серіктес ретінде тартудың заңдылығына қатысты тұжырымдарын заңды деп таныды.
Агенттік мәліметінше, жеке серіктесті таңдаудың заңдылығын тексеру мақсатында БҚДАД тергеп-тексеруі 2023 жылы жүргізілді. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы жеке серіктес – «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-ға заңсыз артықшылықтар бергені анықталды. Аталмыш ЖШС-мен Астана қаласының әкімдігі 2018 жылы «Астана қаласының ақылы тұрақ кеңістігін құру, пайдалану және басқару» жобасын іске асыру үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан.
Тергеу нәтижелеріне тараптар сотқа шағымданды. Сот процестерінен кейін Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы монополияға қарсы тергеу нәтижелерінің заңдылығын мойындады. Осыған байланысты монополияға қарсы орган басқармаға «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС-мен МЖӘ шартын бұзу жөнінде шаралар қабылдау туралы ұйғарым шығарды», - делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарламасында.
«Азаттық» радиосының жазуынша, «Ашық дереккөздерде қазір компанияның 2022 жылдың 24 мамырынан құрылтайшысы әрі басшысы ретінде Шыңғыс Досыбаев есімді азамат көрсетілген. Бірақ оған дейін компания басшысы не құрылтайшысы 11 рет ауысқан. Компанияның ескі-жаңа қожайындары болған кісілердің көбі – тура не жанама түрде Әділбек Жақсыбековтің серіктестері не оның бизнес құрылымдарына қатысы бар адамдар. 2015 жылы құрылған "Астана тұрақ кеңістігіне" алғаш болып "Бонн" және "Гала-2009" дейтін компаниялар иелік еткен. Shishkin_like telegram-арнасы бұл екі компанияның да сол жылдары Ақмола облысы әкімі болған Сергей Кулагиннің әйелі Галина Кулагинаға қатысы бар деп жазған еді.Кейін компания елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жоғары лауазымды қызметтер атқарған, сол кезде Астана қаласының әкімі болған Әділбек Жақсыбековтің туысы Арман Бәтпенге өткен. Арман Бәтпен – Әділбек Жақсыбековтің қарындасы Гүлнәр Бәтпенованың ұлы. Мұны Қазақстан қор биржасы жариялаған құжат растайды. Одан кейін келген құрылтайшы Рүстем Исеновтің де Жақсыбековтер бизнесіне қатысы бар.