Былтыр қытай көліктерінің сапасына қатысты 63 шағым түскен
Қытайдан сатып алынған авто көліктерге қатысты шағым көбейді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі “Aqparat” бағдарламасына сілтеме жасап.
Бұл туралы Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті өздеріне осыған қатысты тұрғындардан көптеп жиі-жиі арыз түсетінін айтып отыр.
“Көп жағдайда авто салондар көлік ақауларын жөндеп бермей жүріп алады. Бұл автокөліктердің ғана емес, қызмет көрсетудің де сапасы төмен екендігін көрсетіп отыр”, – делінген комитет ақпаратында.
Көбіне қытай көліктерінен: қозғалтқышынан, беріліс қорабынан, салқындату жүйесі мен электроникасынан ақаулар шығады екен. Сондай -ақ көліктер өз сипаттамаларына сай келмейтін болып шыққан.
“Күзде су жаңа қытай көлігін сатып алдым. Бірақ қуанышым көпке созылмады. Екі айдан соң көлігімнен өртенген пластиктің исі шықты. Кепілдік бойынша тексертіп, ақауын анықтата алмадым. Екі күннен соң тұрақта тұрған көлігім өзінен-өзі өртенді. Бірден авто салонға арыз жаздым. Қызмет бірден көрсетілмеген соң өртенген көлікті автосалонның алдына апарып қойдым. Сараптама жасатып, нәтижесін де апардым. Екінші желтоқсанда өртенген көлік әлі күнге дейін сол қалпы тұр. Компания өздері сараптама жасаймыз деп отыр. Әр күні жұмысқа барғандай таңғы сағат тоғызда барамын. Нәтиже жоқ. Көлікке берілген кепілдіктер жұмыс істемейді. Тек көліктің жарты құнын ғана өтеп береміз деп отыр. Мен сот арқылы толық құнын өндіріп алуды талап етемін. Әр сөзімді дәлелдейтін құжат бар”, – дейді ашынған Елорда тұрғыны.
Былтыр қытай көліктеріне 63 шағым түсіп, оның 58 ісі сотта қаралып, тұтынушылардың құқығы қорғалған.