Нысан екі жеделсатымен жабдықталады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы жаңа көпірдің іргетасын қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Абай даңғылының бойындағы теміржол үстінен өтетін көпір тұрғындардың қауіпсіздігі үшін салынады. Жол өткелінің ұзындығы 0,946 шақырымды құрайды. Бас мердігер «Қазақдорстрой» ЖШС барлық сапа стандарттарын сақтай отырып, озық инженерлік технологияларды қолданатын болады.
Нысан екі жеделсатымен жабдықталады. Сондай-ақ бағдаршам орнату, аумақты абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жол өтпесі қала орталығын теміржол желісінің арғы бөлігінде орналасқан тұрғын үйлермен байланыстырып, қаланың транзиттік көлік қозғалысын жеңілдетеді.
Ауқымды инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру облыс орталығындағы логистиканы жақсартуға, көлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасы әрқашан өзекті екенін атап өтті. Президент тапсырмасы бойынша бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырудың арқасында өңірлерді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда.
Тараз аумағы кеңейіп, қалаға Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен қосылып, халық саны 480 мың адамды құрады, бұл, әрине, көлік ағынының артуына әсер етеді. Облыс орталығында Әулиеата және Жібек жолы атауымен екі әкімшілік аудан құрылды. Жаңа көпір қос аудан арасындағы қосымша байланысты қамтасыз етіп, аймақта көлік-логистика саласының дамуына оң әсер етеді, — деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс орталығында тағы бір ауқымды көлік жобасы – Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінің қиылысынан Жамбыл даңғылына дейін созылатын жол өткелінің құрылысы жоспарлануда.
Салтанатты шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «BI GROUP»директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев сөз сөйледі.