Жетім-жесір, көпбалалы отбасыларына демеу болған
Қазақстанның құрметті журналисі Күмісжан Байжан кәсіпкер Данияр Нұрбаевтың жомарттық танытып, елге қалай көмектескенін жазды. Qaz365.kz тілшісі оның естелігін айна-қатесіз оқырман назарына ұсынады.
Табысы өрге басқан кəсіпкер
Алматы облысының Жамбыл ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде атымтай жомарт азамат Данияр Нұрбаевтың үлесі орасан зор болғанын жұртшылық жақсы біледі. Отпен кіріп, күлмен шыққан тұрғындардың тұрмыс-тауқыметін жеңілдетуде іскерлік танытқан кәсіпкердің бұл бағытқа бет алуына әкесі, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Парасат» жəне «Құрмет» ордендерінің иегері Молдияр Қылшықұлының дара жолы оң әсерін берген.
Кәсіпкер 1992 жылдан бастап газдандыру саласында жемісті еңбек етті. Молдияр Нұрбаев өңірде алғашқылардың бірі болып тұрғындарды табиғи газбен жабдықтайтын жоғары, орта қысымдағы газ тарту желілерінің құрылысын қолға алды. Нәтижесінде 2001 жылдан бастап өзі ұйымдастырған «Тəуекел-Т» ЖШС-ның құрылтайшысы жəне директоры болды. Серіктестік 2001-2012 жылдары Алматы облысының Қарасай, Жамбыл аудандарының, Алматы қаласындағы Наурызбай ауданының тұрғындарын табиғи газбен жабдықтау жұмыстарын жеке инвестиция есебінен жүзеге асырған.
Кәсіп иесі өзінің бəсекеге қабілетті, ізденгіш екенін дəлелдеді. Саладағы табысы өрге басқан кəсіпкер 2013 жылы Алматы облысы газ шаруашылықтары ассоциациясы заңды тұлғалар қоғамын ұйымдастырды. Осы еңбегі үшін ордендермен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ерекше жомарттығымен танылып, әсіресе əлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларға, Балалар үйіне айрықша қолдау көрсетті. Қайырымдылығы үшін «Алтын жүрек – Золотое сердце» республикалық жобасының жеңімпазы болып, арнайы марапатты иеленді.
Көп жылғы еңбегінің зейнетін көрді. Кейін компания жұмысын ұлы Даниярға тапсырды. Әкесі басқарған компанияда қатардағы шебер болып еңбек етіп, тəжірибе жинақтады. Кейін компания тізгінін қолына алып, жетекшілік жасайды. Алайда өткен жылғы қаңтар айындағы Данияр Молдиярұлының мезгілсіз қазасы ел-жұрттың қабырғасын қайыстырды.
ҚР Парламенті Мəжілісінің эксдепутаты, «Егемен Қазақстанның» ардагер журналисі, марқұм Мейрамбек Төлепберген əлеуметтік желіге «Қазақ жігіттерінің сырттаны еді» деген көңіл айту, аза хатын жариялаған еді.
«Тəуекелгазқұбыры» ЖШС-нің бас директоры, Алматы облыстық мəслихатының экс-депутаты, Жамбыл, Талғар, Ақсу аудандарының Құрметті азаматы Данияр Молдиярұлы Нұрбаевтың тапқан дəулетін, бұйырған ризығын туған халқымен бөліскен мейірімділігі мен имандылығы, адал достығы айрықша аталуы да бекер емес. Айналасын доспен қоршаған азамат осындай-ақ болар», – деп жазған болатын.
Жетім-жесір, көпбалалы отбасыларына демеу болып, қолындағысын бөліп беріп, қайырымдылық танытуда аянып қалмайтын Данияр Молдиярұлының шапағаты талайға тиді. Жүздеген әлеуметтік осал топтағы отбасылардың жеңілдетілген тарифпен газға қосылуына жәрдемдесті. Ұзынағаш ауылындағы соғыс жəне еңбек ардагерлеріне, «Алтын алқалы» аналардың шаңырағына, басқа да елді мекендердегі жеткіліксіз қамтылған отбасыларына газ құбырын тегін кіргізді. Арнайы есептегенде төрт жүзден астам отбасы оның қолдауымен шаңырақтарына жылуды тегін кіргізіп, азаматтың жан жылуын сезінген. Мемлекеттік мерекелерде азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз еткен жомарттығын да жарыса жазған едік.
Өз мамандығын жетік меңгерген Данияр бірнеше іргелі оқу орнын бітірген. Ол жоғары білімді заңгер жəне экономист еді. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік техникалық университетінің мұнай-газ факультетін газ шаруашылығы мамандығы бойынша меңгерген. 2014 жылдан бері «Тəуекелгазқұбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін абыройлы атқарды.
Сайлаушылар сенім білдіріп, Алматы облысы мəслихатының депутаттығына бірнеше мəрте сайлады. Мерекелік медальдармен, облыс, аудан əкімдерінің Алғыс хатымен, Мақтау қағаздарымен марапатталған. Бұдан басқа да алған сый-марапаттары жетерлік. Рухани саланы қолдауы ескеріліп, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлыққа ие болды.
Өшпес із
«Орнында бар оңалар» демекші, Даниярдың шырағын жаққан жары Ләйла мен ұлы Дарын екеуі марқұм отағасының жарқын ісін жалғастырып, дамытуда. Ауданда бұқаралық спорт түрлерінен жарыс өткізіп, демеушілік жасауды өз жауапкершіліктеріне алуда.
Бұдан бөлек, өзі өлсе де артына өшпес із қалдырған марқұм «Данияр Молдиярұлы» атындағы қоғамдық қор құрылып, жұмысын жүйелі жүргізуге бекініп отыр.
«Біз әкелі-балалы Молдияр мен Даниярдың елдің ертеңі үшін қосқан үлестері айрықша екенін атап айтамыз. Өмірден ерте өткен Даниярдың қазасы қабырғамызды қайыстырды. Ойлана келе бәріміз бір тұжырымға келдік. Жұртты жылумен қыраулы қыста қамтамасыз ету оңай емес. Мыңдаған отбасы оның қызығын көріп келеді. Тағы қаншама адам жұмыспен қамтылуда. Ұжымдағы жүздеген адамға тегін түскі ас, арнайы киіммен, автокөлікпен қамтамасыз етілуінің өзі оның азаматтық келбетін аңғартады. Сондықтан әкесі Молдияр Нұрбаев, анасы Алтынсара, Даниярдың жұбайы Ләйла Әділқызы, ұлы Дарын Даниярұлымен кездесіп, қордың мақсаты мен міндеті жайлы бір шешімге келдік. Олар бұл бастаманы қуана қолдады. Осылайша, Даниярдың отбасылық бизнестегі үлесі есебінен өз атындағы қор ұйымдастырылып, түскен дивиденд есебінен үш жыл сайын ескерусіз қалған бабаларға арнап үлкенді-кішілі ескерткіштер тұрғызу, тағы басқа ел ішіндегі қайырымдылық шараларына, мәдениет саласына үлес қосу. Құрылатын осы қор биыл қобызшы Молықбай атаға қойылатын ескерткіш тұрғызудан жұмысын бастайды», – дейді Ақсу ауданының құрметті азаматы, «Данияр Молдиярұлы» атындағы қоғамдық қор жетекшісі Берікбол Қасымов.
Күмісжан Байжан,
Қазақстанның құрметті журналисі