×

Наурыз мейрамы Абай облысында кең көлемде, жаңа нақышта атап өтілуде

Шаралар легі орталық алаңда театрландырылған қойылыммен басталды

Наурыз мейрамы Абай облысында кең көлемде, жаңа нақышта атап өтілуде
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Абай облысында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы биыл кең көлемде және ерекше форматта атап өтілуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Той-думан тек 22 наурызбен шектелмей, мерекені ұлттық жаңғыру кезеңіне айналдыру мақсатында Мемлекет басшысы 2024 жылы бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Бұл күндері өңірде ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, мәдени, қайырымдылық және ағартушылық іс-шаралар өткізілді.

Облыс орталығы — Семей қаласындағы Наурыз мейрамының шаралар легі орталық алаңда «Құтты болсын, әз Наурыз!» театрландырылған қойылымымен басталды. Театрландырылған қойылым барысында «селт еткізер», «ат тергеу», «көрісу», «аластау» рәсімдері халық назарына ұсынылды.  


Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір жұртшылығын Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы «Бабаларымыз ежелгі заманнан бері Ұлыс күнін жыл басы ретінде атап өткен. Қазір Әз-Наурыз күллі халыққа ортақ, жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді» - деп айтқандай, Наурыз — барша қазақстандықтардың сүйікті мейрамы. Ол халқымыздың болмысы мен дүниетанымын, бірлігі мен татулығын айшықтайтын, адамзатқа ортақ ізгілік құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн» деді аймақ басшысы.


Облыс әкімі құттықтау сөзінде 11 наурызда Президент қабылдауында болғанда Мемлекет басшысы өңірдің өзекті мәселелеріне көңіл бөліп, тиісті тапсырмалар бергенін жеткізді. Президенттің қолдауымен Семей қаласында облыстық аурухана, жаңа театр салынады. Семейдегі Оқушылар сарайының құрылысын аяқтауға 8,6 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

«Сондай-ақ, ұлы Абайдың 180 жылдығына тарту ретінде, еліміздің әр өңірі облысымызға сыйлық жасап, әлеуметтік нысандарды жаңарту-жаңғыртуға көмектесуін өтінген ұсынысымызды ел Президенті қолдады. Қазірдің өзінде кейбір облыстар ықыласын білдіріп, хабарласа бастады. Бұйырса биыл жаз бойы Семей қаласы үлкен құрылыс алаңына айналады. Мұның бәрі өңіріміздің еңсесін көтеріп, дамуын жеделдете түспек. Абай облысы халқының қолдауымен алда талай ауқымды жобаларды атқарып, өңірді бірге көркейтеміз деп сенемін. Өңіріміз қашанда ұлттық құндылықтарды көз қарашығындай қастерлеп, ата дәсүр мен заман дамуын ұштастырып келе жатқан жақсылыққа құштар, жаңалыққа ашық аймақ. Ұлы Абайдың мекені, Абайдың ізгі жолын жалғастырған алаш арыстарының орталығы болған қасиетті жер. Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа құт-береке, амандық, ырыс-несібе тілеймін. Наурызнама онкүндігі игі бастамаларға серпін берсін. Ұлық мейрам жақсылығымен келіп, елдігімізді нығайтып, мерейімізді өсірсін», деді аймақ басшысы.


Наурыз мейрамына орай облыс бойынша 300-ге жуық киіз үй тігілді. Оның 50-ден астамы Семейдің орталық алаңы, қаланың Қарағайлы, Әуезов алаңы мен теміржол вокзалы, Силикат, Тері-былғары зауыты аудандары, Шығыс, Бобровка және Юность кенттерінде орналастырылды. Әр киіз үйге Абай ауылы, Шәкәрім ауылы, Достық ауылы, Мейірім ауылы, Өнерпаздар ауылы, Руханият ауылы, Білім ордасы, Ардагерлер ауылы, Шапағат, Жасыл ел, Табыс, Болашақ, Сәулет, Заң мен тәртіп, Ауылым – алтын бесігім, Б.Момышұлының туғанына 110 жыл, Н.Тілендиевтің туғанына 100 жыл, Ш.Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл, І.Есенберлиннің туғанына 120 жыл, Ш.Әбеновтің туғанына 125 жыл, Ж.Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл, ҚР Конституцияның 30 жылдығы деген арнайы атаулар берілген.

Облыс әкімі орталық алаңдағы киіз үйлерді аралап, Наурыз мейрамының басты оқиғасы – тұсаукесер рәсіміне қатысты. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай өңірде бір мезетте 180 бала жаңа өмірге қадам басты. Ал Семейде аймақ басшысы зиялы қауым, мәдениет, білім, спорт, кәсіпкерлік, басқа да сала өкілдерімен бірге 40-қа жуық бүлдіршіннің тұсауын кесті.


22 наурыз күні мерекелік шаралар облыстың барлық аудандары мен қаланың барлық шағын аудандарын қамтыды. Семей қаласы Наурызды кең көлемде атап өту үшін мазмұнды бағдарлама әзірледі. Орталық алаңда қолөнер көрмелері, ұлттық ойындар, спорттық жарыстар, фотоаймақтар дайындалды.

Мерекенің көркін келтірген шараның бірі - композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай жүз жас домбырашының сазгер шығармаларын бір мезгілде орындауы. Бұл жұртшылыққа музыка мен тарихи тағылымға толы ерекше атмосфера сыйлады.

Семейліктер мен қала қонақтары орталық алаңда қазақстандық эстрада жұлдыздары «Алашұлы», «МузАрт» тобы мен Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының, қалалық мәдениет сарайы әншілерінің өнерін тамашалады.

Кешкі бағдарлама аясында «Алашұлы» тобы, «Әдемі-ай» дуэті мен Қайрат Нұртас, жергілікті өнерпаздар өнер көрсететін болады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Шымкентте Тазару күнінде бір мыңнан астам түп ағаш егілді
Бүгін, 14:39

Шымкентте Тазару күнінде бір мыңнан астам түп ағаш егілді

«Бір тал кессең, он тал ек» деген акция ұйымдастырылды
Шара аясында 150-ге жуық ағаш көшеттері отырғызылды
Ұлттық салт-дәстүрлер мен тарихымызды дәріптейтін көрмелер қойылды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →