Қазіргі уақытта зейнетақы қорында 22 трлн теңгеден астам қаражат жинақталған
Қазіргі уақытта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) 22 трлн теңгеден астам қаражат жинақталған. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі – шамамен 40%-ы – шетелдік валюталық активтерге салынған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында қордың табыстылығы 1,64%-ға уақытша төмендеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Монетарлық операциялар департаментінің директорының орынбасары Нұржан Нұрғазиннің айтуынша, жыл басындағы көрсеткіш уақытша құбылыс және оның бірнеше себебі бар. Бұл жайында түсіндірме Ұлттық Банктің Instagram-дағы парақшасында шықты.
«Бұл қаражат жоғалды дегенді білдірмейді. Аталған сандар активтердің уақытша құбылмалылығын көрсетеді. Төмендеу бірнеше себепке байланысты болды. Біріншіден, мемлекеттік бағалы қағаздар арзандады. Олардың саны нарықта көбейгендіктен, бағасы төмендеді. Бұл – экономиканың заңдылығы», – деп түсіндірді Монетарлық операциялар департаментінің өкілі.
Екінші себеп – ұлттық валюта бағамының құбылуы. Доллардың теңгеге қатысты бағамы 525-тен 499 теңгеге дейін төмендеді, сондықтан валюталық активтердің теңгеге шаққандағы құны азайды.
Үшінші себеп – әлемдік нарықтағы тұрақсыздық. Кейбір шетелдік активтердің құны да төмендеді, бұл өз кезегінде БЖЗҚ портфелінің кірістілігіне әсер етті.
«Дегенмен, бұл нақты шығын емес уақытша өзгерістер екенін түсінген жөн. Жағдай тұрақталған кезде, активтердің құны қайтадан өседі. Зейнетақы жинағы – ұзақмерзімді инвестиция. Оны бір айдың емес, бірнеше жылдың көрсеткіштермен бағалау керек», – деп атап өтті Нұржан Нұрғазин.
Бұл ретте Ұлттық банк өкілі 2024 жылды мысалға алды. Былтыр БЖЗҚ-ның кірістілігі 18%-ға жуықтаса, инфляция деңгейі 8,6% болды. Демек, нақты кірістілік (инфляцияны есепке алғанда) шамамен 9,4%-ды құрады, бұл қор активтерін тиімді басқарудың дәлелі.
«Айта кетейін, Ұлттық Банк қазақстандықтардың жинақтары қауіпсіз болуы үшін тәуекелдерді саралап, қаражатты әртүрлі активтерге салады», – деп түйіндеді ол.
Бұған қоса кірістіліктің қысқа мерзімді құбылмалылығына қарамастан, 2024 жылдың наурызынан 2025 жылдың ақпанына дейін, яғни соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс көлемі 2,7 трлн теңгеге жетті. Ал кірістілік 13,74% болды, бұл тұста инфляция деңгейі – 9,4%-ды құрады.
Ал қазақстандықтардың зейнетақы активтері туралы негізгі көрсеткіштермен БЖЗҚ-ның ресми сайтынан танысуға болады.