×

Сот шешімі шықты: Шымкенттің су арнасы мемлекет меншігіне қайтарылады

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ

Сот шешімі шықты: Шымкенттің су арнасы мемлекет меншігіне қайтарылады
Фото: Шымкент қалалық әкімдігі

27 наурыз күні Шымкент қаласының мамандандырылған экономикалық соты қалалық әкімдіктің «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не тиесілі бірқатар су жабдықтау және су бұру нысандары бойынша келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандырып, аталған нысандарды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сот тыңдалымы барысында стратегиялық маңызды нысанның жекешелендірілуі кезінде жіберілген заңбұзушылықтар атап өтілді. Атап айтқанда:

-    Қазақстан Республикасының «Жекешелендіру туралы» заңына (5-бап) сәйкес, жекешелендіруге тек бірыңғай мүліктік кешен ретінде қарастырылатын мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер жатады.
-    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы Қаулысына сәйкес, қаланың өмірлік маңызды қызметтерін қамтамасыз ететін нысандарды бірыңғай кешеннен бөлуге тыйым салынған.
Талапкер тараптың пікірінше, су арнасының құрылымын өзгерту және жекешелендіру туралы шешім қабылдаған тұлғалар бұл қадамның салдарын түсінбеуі мүмкін емес еді. 

Сот тек бірқатар сатып алу-сату келісімдерін жою ғана емес, сондай-ақ бұрынғы жағдайды қалпына келтіру мақсатында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ы нысандарды мемлекет меншігіне қайтару міндеттемесін жүктеу туралы қаулы шығарды.
Атап айтқанда, сот Ақбай-Қарасу, Бадам-Сайрам, Қызылсай және Тассай су жинау нысандарына қатысты хаттамаларды заңсыз деп таныды.

Сонымен қатар «Уникансервис» (тазарту құрылғыларының иесі) және «ТрансВиК» құрамына енген автокөлік цехына қатысты шешімдер де заңсыз деп танылды.

Сондай-ақ жоғарыда аталған нысандарға қатысты бірқатар ЖШС арасында жасалған сатып алу-сату келісімдері де жарамсыз деп жарияланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда «Су ресурсы маркетингі» ЖШС басшылары мен заңгерлері баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Шағым иелері жергілікті биліктің бастамасымен компанияға заңсыз талаптар қойылып, қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеген. 

1996-1998 жылдары Шымкенттің сол кездегі басшылығы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жекешелендіру мақсатында сумен жабдықтау жүйелерін жеке секторға берген. Осының нәтижесінде 1998 жылы осы саладағы бірнеше ұйым бірігіп, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС құрылды. Компанияның бас директоры қызметіне 1995-1997 жылдары қала әкімі болған Анарбек Орман тағайындалған еді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →