×

«Екінші сортты адамбыз ба?»: Батыс Қазақстан әкімдігінің есігін қағып шаршаған Біржан Қожақ жанайқайын жеткізді

Ол төсек тартып қалғанда, талай жылдық еңбегі еленбей, лайық құрмет пен қаржылық қолдау көрсетілмей қалған

«Екінші сортты адамбыз ба?»: Батыс Қазақстан әкімдігінің есігін қағып шаршаған Біржан Қожақ жанайқайын жеткізді
Сурет: коллаж

Қожақ Біржан Мәлікұлы – есімі көпке таныс болмаса да, еңбегі елге мәлім жан. «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамдық бірлестігінің төрағасы. 2015 жылдан бері 365 балаға көмектесіп, аппаратпен қамтамасыз еткен, 14 облысқа тегін құрал жіберген, интернаттарға медтехника алып берген. Бірақ бүгінде өзі қарапайым көмекке мұқтаж. Оның Батыс Қазақстан облысының әкіміне уәжін Qaz365.kz тілшісі тыңдап көрді.

«Мен бірінші топтағы мүгедекпін. Алатын жәрдемақым 95 мың теңге. Ал маған қажетті дәрі бір күннің жартысына да жетпейді. Қан қысымым түсіп кетсе, ішкі ағзам сыр беріп, төсек тартып қаламын. Ал әкімге бару үшін бір күн бойы дайындаламын, дәрім мен екі медбикем де дайын тұрады. Бірақ әкім қабылдамайды», – дейді Біржан Қожақ.

Ол 2023 жылдың қарашасынан бастап облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қабылдауына кіре алмай келеді. Телефонмен де, жазбаша да бірнеше рет хабарласқан. Бірақ не көмекшілері жауап бермейді, не хатшылары хабарласуды ұмытады. «Әкімге жету – министр болудан қиын» дейтіні де содан.

Түркияға жол – өмір мен өлім арасындағы көпір

2023 жылы инфаркт алған Біржан Қожақтың қазіргі жағдайы ауыр. Жүректегі бір ғана тамыр жұмыс істеп тұр. Мәскеу мен Үндістан операция жасаудан бас тартқан. Тек Түркиядағы «Медиум Парк» клиникасы үміт беріп отыр: олар диабет пен артерияларды бірге емдейміз деп уәде еткен.

«Бірақ Түркияға жету үшін ұшақта 24 сағатқа дейін ауруды басатын арнайы дәрі керек. Оның өзі Қазақстанда жоқ, тек Ресейден алынады. Бағасы – 1 миллион 200 мың теңге. Мұны алуға қаражатым жоқ. Қарапайым халықтан сұрауға намыстандым. Онсыз да 10 мың теңге беріп тұратын достарымнан жиі сұрай да алмаймын», – дейді ол.

Ол көмектесіп келген жандардан көмек сұрауға арланған. Бір апта әлеуметтік желіге жариялап көргенімен, азын-аулақ «шипа болсын» деген тиын-тебен ғана жиналған. Сондықтан қайтадан әкімдікке жүгініп, ресми түрде қолдау сұрауға бекінген. Бірақ бұл – бір емес, бірнеше айға созылған соқыр үміт.

Батырлық – тек шенеунікке ғана тән бе

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда «Марапат тек лауазымды адамдарға емес, қарапайым халыққа да берілуі керек» деген еді. 

«Бізде шын еңбек еткендер ескерусіз қалады. Қаншама мүгедек жастар қолымен, жүрегімен жұмыс істеп жүр. Бірақ олардың марапаты – бір жапырақ қағаз. Мен 2017 жылы бір ғана жасыл медаль алдым. Болды. Ал облыстың "Құрметті азаматтары" кімдер? Тек ЖШС директорлары, шенеуніктер мен мәслихат маңында жүргендер. Сонда мүгедек – не адам, не мал емес пе?!» – деп ашынады Біржан Қожақ.

«Демеу» бірлестігі 21 мүгедекпен бүкіл Батыс Қазақстан облысындағы интернаттарды, ауылдарды аппаратпен, көмекпен қамтыған. Бірақ соған лайық құрмет пен қаржылық қолдау көрсетілмей келеді. 2023 жылдан бері мемлекеттік тапсырыстар тоқтап, жұмыс баяулайды. Себебі басшысы Біржан Қожақ төсек тартып қалған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →