Тазалық іс-шарасында бүгін өңірді көгалдандыруға басымдық беріліп, «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» деп аталып өтті
Жеңістің 80 жылдығы және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тазалық іс-шарасында бүгін өңірді көгалдандыруға басымдық беріліп, «Бүкілқазақстандық ағаш егу күні» деп аталып өтті.
Жалпы облыс аумағында 6400 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл бастама өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және жасыл желектер санын арттыруға бағытталды. Оның ішінде облысымыздың құқық қорғау, арнаулы және сот органдары қызметкерлері арнайы мың түп ағаш отырғызды. Осылайша, Жезқазған қаласының «Наурыз» саябағында жаңа аллея пайда болды.
Игі бастамаға Ұлытау облысындағы барлық діни бірлестіктің басшылары да белсенді қатысып, бірлік пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Сондай-ақ барлық елді мекенде кең көлемді тазалық жұмыстары да ұйымдастырылды.
Акцияға облыс бойынша 3335 адам және 1085 ұжым белсенді қатысып, 58 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 520 тонна тұрмыстық және өндірістік қалдықтар шығарылып, өңірдің санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарды.
Ұйымдастырушылар мен қатысушылар аталмыш акцияның қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруда, сондай-ақ ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.