×

Жамбыл облысында студенттік құрылыс жасағын құру бойынша штабтың кезекті отырысы өтті

Аталған бастаманың ашылу салтанаты 30 мамырға белгіленген

Жамбыл облысында студенттік құрылыс жасағын құру бойынша штабтың кезекті отырысы өтті
Фото: Юрий Ким

Жамбыл облысында Студенттік құрылыс жасағын құру бойынша арнайы штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Биыл аймақта «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Студенттік құрылыс жасағын құру бастамасы қолға алынды. Бұл бойынша сәуір айының басында Серік Сәлемовтың төрағалығымен штаб отырысы өтіп, жауаптыларға аталған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылуы үшін жұмысшы қауіпсіздігін сақтау, еңбек шартын даярлау, жұмыс күшін қабылдауға әзір мердігерлер қатарын арттыру сынды бірқатар міндет жүктелген.

Бүгінгі кезекті басқосуда осы тапсырмалардың орындалу барысы қаралды. Жиында «Ауыл» партиясы облыстық филиалының  аппарат басшысы Әйгерім Сәрсенбаева бір ай ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады. 

- Құрылыс жасақтарының дайындық кезеңіне қатысты бірқатар оң шешім қабылданып, құжаттары дайындалды. Тарқата айтсам, студенттік құрылыс жасақтары жұмысының тұжырымдамасы, еңбек шарты және меморандум үлгісі әзірленді. Құрылыс компанияларының өзара міндеттемелерін нақтылау бойынша келісімге келдік. Барлық құжаттар заң талаптары аясында рәсімделіп, келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар студенттерге арнайы құрылыс формасын тігу мәселесі қарастырылып, 50 форма эскизге сәйкес тігілетін болды. Бір арнайы киімнің бағасы 15 500 теңгені құрап отыр. Тағы бір айта кетерлігі, студенттердің еңбек қауіпсіздігі бойынша оқудан өту мәселесі реттелді. Әр жоғарғы оқу орны өз білімгерлерінің оқу ақысын төлейді. Бұл қызметті «Мұхамедқали» жеке кәсіпкерлігі іске асырады. Бір студентті оқыту бағасы – 8 000 теңге. Оқу бағдарламасы біткеннен кейін жоғары оқу орындарында кездесулер өткізіліп, Ш. Мұртаза атындағы ХТУ-да 40 студентке, ал Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде 10 студентке арнайы куәлік беріледі, - деді Әйгерім Сәрсенбаева. 

Бүгінде жастарға жұмыс ұсынып отырған «Авангард» ЖШС және «Ариас Строй Проект» ЖШС секілді компаниялар құрылыс жасақтарын арнайы формамен қамту мәселесін мойнына алған. Сонымен қатар 6 сағаттық жұмыс күні, түскі ас, күндігіне 8 мың теңге жалақы беруге міндеттелмек. Меморандумда көрсетілгендей, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының өкілі мердігерлермен тиімді уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

Бұдан кейін құрылысшылар жасағының құрамын нақтылау мәселесі бойынша жиын қатысушыларының пікірі тыңдалды. 

Осы тұрғыда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ұйымдастыру мәселесін қолға алмағаны белгілі болды. Ал ТарУ басшылығы студенттерге күндігіне 8 мың теңге жалақы аздық ететінін айтты.
Өз кезегінде штабтық отырыстың төрағасы Серік Сәлемов әлеуметтік жобаны іске асыру бойынша жастар арасында насихаттау жұмысын жүйелі түрде жүргізу керектігін ескертіп, жалақы мәселесі жөнінде қосымша келіссөз жүргізу қажет екендігін жеткізді. 

- Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде бүгінгі күні 2 мыңға жуық студент оқиды. Соның ішінде жаз айында бос уақытын тиімді пайдаланып, табыс тапқысы келетін жастардың болмауы - адам сенгісіз дүние. Жастарға түсіндіру, насихаттау жұмысы жеткіліксіз болып тұр. Сол үшін де бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Ал, жалақы мәселесін мердігерлермен бірге қайта қараған дұрыс. Өйткені, студенттердің күндік табысы 10 мың теңгеден кем болмауы керек. Жастарды қолдауға арналған әлеуметтік жобаны тиімді үйлестіру маңызды. Сондықтан оларға барынша жағдай жасап, өзімізде алып қалудың тетіктерін дұрыс пайдалана білген жөн, - деді Серік Сәлемов. 

Аталған бастаманың ашылу салтанаты 30 мамырға белгіленген. Оған дейін облыс әкімінің орынбасары жиында айтылған мәселелер шешілуі керектігін қатаң ескертті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →