×

Қостанай жайлы өмірдің астанасы ма?

Қостанай — Тобылдың жағасынан тамыр тартқан, табиғат пен урбанистиканың үндескен мекені

Қостанай жайлы өмірдің астанасы ма?
Қостанай қаласының әкімдігі

Бұл өлке ежелден Тобыл өзенімен танылып, бүгінгі таңда жасыл кеңістіктерімен, жайлы өмір сүру ортасымен ерекшеленетін заманауи қалаға айналуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сән берген саябақтар

Қостанай әрдайым жасыл қала ретінде танылған қала. Бірақ бүгінде ол жаңа серпін, жаңа тыныс алып отыр. Бұрын қала көшелерінде негізінен теректер отырғызылса, қазір ландшафтық әртүрлілікке мән беріліп, урбанистика мен табиғат үйлесім тауып келеді.

Аулалардан бастап ауқымды саябақтарға дейін жаңаша абаттандырылып жатыр. Бұрын елеусіз болған аумақтар қазір адамдар жиі жиналатын орындарға айналды. Енді саябақтар мен скверлер отбасылардың бас қосар алаңы, балалардың күлкісі естілетін мекен, таңғы жүгіру мен кешкі серуеннің тыныс алаңы.

Орталық скверден бастап Жеңіс саябағына, Гашек пен Керуенге, Жастар бульварына дейін — әрбір кеңістік жаңарып, шынайы демалыс аймағына айналып келеді. Бұл — Қостанайдың жай қала емес, өмір сүру стилі бар қала екенін айқын дәлелдейді.

 «Шағала» жағалауы: өзенмен үндескен өмір

Қаланың жүрегі – Тобыл өзені болса, оның рухани жалғасы – «Шағала» жағалауы. Демалыс аумағы соңғы жылдары өзгеше кейіп еніп, құлпыра түсті. Өткен жылы бұл жерде үлкен реконструкция жүргізілді: су тасқынынан кейін жағалаудың көптеген бөліктері қалпына келтірілді. Биыл ерекше жобаның жүзеге асуы күтілуде – орталық көпірдің астында жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл – жай ғана өткел емес, орталық көпірдің астындағы бір жағалауды біріктіретін, адамдарды табиғатпен, өзара және қаламен байланыстыратын символ. Осының арқасында аталған жағалаудан Триатлон паркіне дейін ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын жағалауда енді үздіксіз серуендеуге, велосипед тебуге, балалармен демалуға болады. Алдағы уақытта бұл жер қостанайлықтардың өз қаласын жаңа қырынан танитын кеңістікке айналады.

Триатлон-парк: белсенді өмір салтының жаңа стандарты

Қостанайдың ірі әрі ауқымды жобаларының бірі — Триатлон паркі, бұл тұрғындардың спортпен айналысып қана қоймай, табиғатпен бірге демалып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін орын. Мұнда әрбір метр – қозғалысқа, спортқа және денсаулыққа арналған. Workout және паркур алаңдары, футбол, баскетбол, волейбол және стритбол алаңдары – мұның барлығы тұрғындардың күнделікті спортпен шұғылдануы үшін жасалған.

Ашылған сәттен бастап, парк барлық жастағы адамдардың сүйікті орнына айналды. Қала сыртындағы ауылдардан, көршілес Қостанай ауданынан да бұл жерге келетін адамдар көбейіп жатыр. Мұнда отбасылар, жүгірушілер, велосипедшілер және жай ғана тыныштық іздегендер жиі келеді. Ерекше назар инклюзияға аударылған: мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы спорт аймақтары, йогамен айналысуға арналған алаңдар жасалуда.

Алдағы уақытта мұнда Фролов көшесі жағынан сәнді кіру аркасы, әкімшілік және коммерциялық нысандар, фонтан және көлеңкелі аймақтар бой көтереді. Бұл жоба Триатлон-паркті Қостанайдың ең тартымды және танымал нүктелерінің біріне айналдырады.

Орталық алаң: қала жүрегіндегі жаңару

Қаланың тарихи орталығындағы басты алаң – қостанайлықтардың жан дүниесіне жақын кеңістік. Бұл жер – Қостанайдың тарихи және мәдени коды болып есептеледі. Ал бүгінгі таңда тарих пен қазіргі заманның үндескен орны. Мұнда кешкі уақытта жүрсеңіз, күндіз жүргендей әсер қалдырады. Себебі аумақ айналасы самаладай жарқырап тұр, заманауи шамдармен жарықтандырылған. Қауіпсіздік үшін оның маңызы зор. Жаңа газондар көз тартады, ал саябақтың әрбір бұрышы – суретке түсіргің келетін көрініс. Мұнда әрбір ағаш сақталып, қосымша көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Жақын болашақта бұл скверде орналасқан мәдени демалыс бағы да қайта жаңғыртылмақ. Аумағы 1  гектарға тең бұл аймақта жаңа аттракциондар орнатылмақ. Жоба толық іске асқанда, мұнда 18 аттракцион жұмыс істейтін болады. Сөйтіп, отбасылық демалыстың жаңа мекеніне айналары анық.

Елеусіз орын еді...

Бүгінде Арыстанбеков көшесіндегі сквер — Қостанай тұрғындарының демалып, спортпен шұғылданып, табиғат аясында тынығатын сүйікті орнына айналды. Ал бұдан бір жыл бұрын бұл аумақ елеусіз, тартымсыз күйде еді. Жаңа тыныс, жаңа рух берген жоба – қала әкімдігінің тікелей бастамасымен жүзеге асты. Әкімдік бұл аумақты қайта жандандыру туралы бастама көтеріп, жергілікті компанияларды біріктіріп, бар-жоғы бірнеше ай ішінде қала тұрғындарына арналған ыңғайлы әрі заманауи демалыс орны пайда болды.

Жайлы кеңістік құру ісінде қала кәсіпкерлері белсенділік танытты. Бұл — бизнес пен биліктің ортақ жауапкершілікпен атқарған еңбегінің нақты үлгісі. Айта кету керек, қаланың кіріс бөлігінің 57 пайызы — шағын және орта бизнестің үлесі. Олар тек салық төлеуші ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік бастамаларға атсалысып, Қостанайдың дамуына шынайы үлес қосып отыр.

Сквер аумағында үйлесімді орнатылған жарықшамдар, заманауи тренажерлер, жайлы орындықтар, балалар алаңдары бар. Ең басты ерекшелігі — мұнда жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін, жылы санитарлық-гигиеналық модульдің орнатылуы.

Бұл сквер — Қостанайдағы жаңа урбанистикалық стандарттың бастамасы. Қала әкімдігі дәл осындай аумақтарды әр ауданның жасыл аймақтарында құруды көздеп отыр. Басты мақсат — әр тұрғын үшін демалыс аймағы өз үйінің жанында орналасуға тиіс. Яғни демалыс тек орталықта емес, әрбір шағынауданда қолжетімді болуы керек.

Байтурсынов университеті аумағындағы парк: ғылым мен табиғат түйіскен тұс

Ауыл шаруашылығы институтының тарихи аумағында орналасқан жаңа жоба — 4,3 гектар жерді алып жатқан бірегей саябақ кешені. Бұл тек студенттерге ғана емес, жақын маңдағы тұрғындарға да ашық, заманауи демалыс орны болмақ. Жобада үлкен амфитеатр, балалар және спорт алаңдары, скейт-парк, жүгіру және велосипед жолдары қарастырылған. Жасылдандыру жұмыстары аясында ағаштар мен гүлдер отырғызылады, көгалды аймақтар құрылады. Бұл жаңа қоғамдық кеңістік — Абай даңғылы мен Маяковский көшесін жалғайтын, біртұтас жаяу жүргінші бағытын қалыптастыратын маңызды орынға айналады.

«Қонай» саябағы — қонаққа жайылған көрпедей

Қала орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан, болашағы зор «Қонай» шағынауданы бүгінде жастардың, жас отбасылардың ордасына айналуда. Мұнда жаңа тұрғын үйлерден бөлек, заман талабына сай жасалған жайлы орта бар. Сол жайлылықты толықтырып тұрған ең маңызды нысандардың бірі — осы жылы абаттандырылуы басталатын жаңа «Қонай» саябағы. Бұл — аудан тұрғындарына арналған демалыс пен серуендеудің таптырмас мекені болмақ.

Қазір эскиздік жобасы әзірленіп, барлық техникалық есептеулер жүргізілуде.

Мектеп ауласы — ортақ демалыс алаңы

Қостанай қаласында жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру тек орталық саябақтармен шектеліп қалмайды. Биыл қала мектептерінің де аумағын жан-жақты қайта құруға кіріскен. Атап айтқанда, №9 және №29 мектептердің ауласын толықтай жаңартып, оларды жасыл, көпфункциялы қоғамдық кеңістікке айналдыру жоспарланған.

Бұл жобалар тек оқушылар үшін емес, сол маңдағы көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындардың да мүддесін ескере отырып жасалынады. Бұл бастама мектеп пен аудан арасындағы байланысты күшейтіп, аула мәдениетін жаңа деңгейге көтереді деген сенім бар.

Фонтандар қаласы: көңілдің көркем ырғағы

Қостанай бүгінде жасыл желекке ғана емес, сылдырап аққан әсем фонтан-суларға да бай қалаға айналуда. Жаздың ыстығында балалар мен ересектерге арналған нағыз демалыс орны бар. Қалада 26 фонтан жұмыс істейді, оның ішінде 18-і стационарлық, ал 8-і ерекше форматта — су бетінде қалқып тұратын фонтандар. Каскадты субұрқақ, түрлі-түсті жарықтармен көмкерілген композициялардан бөлек, бүгінде жаяу жүргіншілерге арналған су бұрқақтары да қала тұрғындарын қуантуда. Cоңғы жылдары жұртшылық жүрегін жаулаған, түрлі-түсті музыкалық фонтан жұмыс істеп тұр. Бұл фонтанның су шапшыған толқындары музыка ырғағымен «билеп», арнайы лазерлік жарықпен түрленіп, нағыз көрініс қойылымына айналады.

Мұндай нысандар — қала беделінің, оның қазіргі заманға сай дамып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Қала әкімдігі жыл сайын фонтан инфрақұрылымын жаңартып, техникалық қызмет көрсетуді жолға қойып отыр. 2023 жылы 6 фонтан жөнделсе, былтыр 8 фонтан күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы 4 фонтан жаңғыртылады. Мұның бәрі қаланың орталық және тұрғын аудандарында өмір сапасын жақсартуға, серуендеу мәдениетін арттыруға бағытталған.

Қала көркі – жасыл келбет

Қостанай жыл өткен сайын жасарып, жайқалған жасыл желекке оранып келеді. Жыл сайын отырғызылатын ағаштар мен гүлдердің саны көбейген. Мәселен, соңғы екі жылда 12 мыңнан астам ағаш егілсе, биылдың өзінде 5 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, қала аумағына 1,2 миллионнан астам гүл отырғызылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыз артық көрсеткіш. Жалпы көлемі 7 мың шаршы метрге тең рокарийлер мен күтімді көгалдар Қостанайдың заманауи келбетін айқындай түсіп, қалаға өзіндік сән мен серпін береді.

Бір сөзбен айтқанда, Қостанай – дала төсінде гүлденген тіршілік мекені, өмір сүруге жайлы, дамуға ынталандыратын, әр адам өз орнын таба алатын кеңістік. Табиғатпен үйлескен, заманауи инфрақұрылымы, қауіпсіз әрі мейірімді ортасы бар Қостанай бүгінде жайлылықтың, тартымдылықтың және мүмкіндіктердің қаласына айналып отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Құрмет және алғыс: Өскеменде Жеңіс Парадына қатысушыларды салтанатты түрде қарсы алды
Бүгін, 18:18

Құрмет және алғыс: Өскеменде Жеңіс Парадына қатысушыларды салтанатты түрде қарсы алды

Шығыс Қазақстан ардагерлері Астанадағы Жеңіс парадынан қайтып, құрметпен қарсы алынды
Былтыр Қарабалық ауданында 5000 ағаш көшеті отырғызылды. 
Облыс әкімі әуелі 104 жастағы соғыс ардагері, «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдиннің шаңырағына барды
Олар маусым мен қыркүйек айлары аралығында қатынайды. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →