ChatGPT қырғыз тілінен сөз таппай қалса, қазақ тілінен алады
Қырғыздар 15 жылдан соң қазақ тілінде сөйлеп, жаза бастауымыз мүмкін. Уикипедияшы Чоробек Сааданбеков осылай деп өз аудиториясына уайымын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сааданбековтың айтуынша, ChatGPT-ден бір нәрсені қырғыз тілінде сұрағанда, жүйе кейде жауаптың арасына қазақша сөздерді қосып жібереді. Өйткені ChatGPT-тің қорында қазақ тіліндегі мәтін мен сөздердің көлемі әлдеқайда көп. Жүйе қырғыз тілін таппай қалғанда қазақ тілінен алады.
«Желіде қырғыз тілінің дамуына көп көңіл бөлмесек, 15 жылдан соң қазақша сөйлеп қаламыз, қазақша жазып қаламыз. Оны өзіміз де сезбей қаламыз. Біз мына жақтан қанша концепция жазғанымызбен, ChatGPT қырғызшаның орнына қазақша мәлімет бере бастаса, ақырында сіңіп кетеді, көп кісі айырмашылығын байқамайды, – деді Сааданбеков.
ChatGPT – OpenAI компаниясы жасаған жасанды интеллектке негізделген тілдік модель. Ол адам тілін түсініп, оған жауап бере алады, мәтіндерді құрастырады, сұрақтарға жауап береді, мәтіндерді аударады, ақпаратты түсіндіреді және түрлі тақырыптарда кеңес береді.
ChatGPT жүзден астам тілде жұмыс істей алады. Бұл тілдерге әлемдегі ең көп қолданылатын тілдерден бастап, сирек кездесетін тілдер де кіреді. Алайда, оның ең жоғары деңгейде түсініп, сапалы жауап бере алатын тілдері – ағылшын, испан, француз, неміс, қытай, орыс, қазақ және тағы басқа кең таралған тілдер.