×

Хан Кене жайлы қазақ-қырғыз тарихшылары ғылыми тұжырым жасау керек – Мәмбет Қойгелді

Тарихшының пікірінше, бұл мәселеге ғылыми тұжырым керек

Хан Кене жайлы қазақ-қырғыз тарихшылары ғылыми тұжырым жасау керек – Мәмбет Қойгелді
Коллаж Qaz365.kz

Тарихшы Мәмбет Қойгелді Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Кенесары хан жайлы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров әлеуметтік желідегі жазбасында қырғыз бен қазақ жастарын арандатуға бой алдырмауға, тарихты әділ зерттеуге және мәңгілік достықты нығайтуға шақырған еді. Осыған орай Qaz365.kz тілшісі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің пікірін білді. Ол бұл үндеуде маңызды қателіктің бар екенін айтты.

Қырғыз тарихшыларының ұстанымы

«Мен қырғыздардың тарихымен азды-көпті таныспын. Былтыр қырғыз журналисі Кенесары хан туралы кітап шығарды. Ол кітап біржақты, қырғыздардың пайдасына жазылған. Осыған байланысты Қырғызстан тарих институтының директорына хабарласып, екі ел тарихшыларының басын қосып, конференция өткізейік деп ұсыныс жасадым. Алайда бұл ұсыныс қолдау таппады», – дейді Мәмбет Қойгелді.

Оның айтуынша, сенатор Дархан Қыдырәліге де осы мәселеге араласып, Қырғызстанның мемлекеттік хатшысымен сөйлесіп, ғылыми жиын өткізуге кеңес берген.

«Дархан – менің шәкіртім. Оған «сен Қырғызстанның мемлекеттік хатшысын білесің ғой, мәселені ушықтырмай, ғылыми тұрғыда шешейік» дедім. Бірақ сол күйі аяқсыз қалды. Астанаға Орта Азия тарихшылары жиналғанда да осы мәселені көтермек болдым, алайда ол жолы да нәтиже шықпады», – дейді тарихшы.

Жапаров мәлімдемесіндегі қателік

Мәмбет Қойгелді Садыр Жапаровтың жазбасында тарихи шындықтан ауытқушылық бар екенін айтады.

«Садыр Жапаров (Қырғызстан президенті) мәтінінде президент ретінде бір қателік жіберген. Ол қырғыз тарихшыларының жетегінде кеткен. Егжей-тегжейіне бармау керек еді. Ол тарихшы емес, әскери маман емес. Басын тура бастап, тура аяқтаған – сонымен қысқаша қайыру керек. «Қырғыздар қазақтарды жеңгенбіз» деген сөзді айтады. Ол не керек? Ол жерде ешкім жеңген жоқ. Қырғыз да, қазақ та ұтылды. Кенесары «бірігейік, орыстар Жетісуға келді, бермейік» деді. «Ташкенттің сарты қайда барасың» деген хаты бар. Солтанаевтың сөзін келтіріп отыр ғой. Соның еңбегінде айтылады. Жапаров қысқаша қайырудың орнына деталіне кетіп қалған. Кімнің батыр, кімнің тұлға екенін, тарихтың өзі бағасын беріп қойған. «Біз жеңдік, сендер жеңілдіңдер» дегені – мағынасыз нәрсе. Тарих одан бері басқа тұжырым шығарып қойған. Кенесары азаттық қозғалысының көсемі ретінде тарихта қалды», –  деді тарихшы.

Тарихи мәселедегі ғылыми тұжырым

Тарихшының пікірінше, мәселені ушықтырмай, екі елдің тарихшылары бірлесіп, ғылыми конференция өткізу арқылы ортақ тұжырымға келу қажет. Оған екі елдің де тарихшыларының күші жетеді.  Сондай-ақ, тарихи мәселелерді журналистер мен жазушылардың емес, кәсіби тарихшылардың талқылауы маңызды екенін баса айтты. 

 «Қырғыздардың қателігі – олар тарихты журналистерге, жазушыларға жазғызып қойды. Бұл дұрыс емес. Журналистер, жазушылар маман емес, олар сезімге кетіп қалады. Ол жерде салқынқанды, ғылыми тұжырым болу керек. Сезімге кетсек, бір тұжырымға келе алмаймыз. Мәселе осында», - дейді Мәмбет Қойгелді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Отбасы – ұлт болашағы»: Өскеменде отбасы құндылықтары мен еңбек мәдениеті талқыланды
Бүгін, 19:26

«Отбасы – ұлт болашағы»: Өскеменде отбасы құндылықтары мен еңбек мәдениеті талқыланды

Отбасы тақырыбы, әсіресе, биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ерекше маңызға ие болып отыр
Ішкі істер вице-министрі осылай деп отыр. 
Куәгерлердің айтуынша, соңғы апталарда осы үш елден келген кейбір отбасылар туыстарын таба алмай, әбігерге түскен.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →