Ол тіпті көшелерде ілулі тұрған ақпараттық тақтайшаларға қытайша жазуларды енгізіп қою – артық болмайтынын айтады
Белгілі заңгер, құқықтанушы Думан Базарбеков Үкіметке тың ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, соңғы жылдары біздің елге Қытайдан келетін туристердің қарасы айтарлықтай көбейген. Сол себепті, туристерге қызмет көрсететін орындарда қытай тілін кеңінен қолдану мүмкіндігін қарастыру керек екенін айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қонақ үйлерде, мұражайларда, әуежайларда, вокзалдарда және экскурсия орталықтарында жұмыс істейтін отандастарымыз қытай тілін білу керек деп есептеймін. Өйткені, көрші елден келетін туристерге көбіне осы санаттағы азаматтар қызмет көрсетеді» - дейді, заңгер.
Ол тіпті көшелерде ілулі тұрған ақпараттық тақтайшаларға қытайша жазуларды енгізіп қою – артық болмайтынын айтады.
«Қытайдан келген туристердің кейбірі ағылшын тілін білмеуі мүмкін. Орыс және қазақ тілінде сөйлейтіндері тіпті жоқ деуге болады. Сол себепті, оларға ыңғайлы болу үшін ақпараттық маңдайшаларға қытай тіліндегі мәліметтерді де енгізіп қою керек».
Думан Базарбековтың айтуынша, елде қытай тілін оқытатын жеке орталықтар көп. Солардың көмегіне жүігініп, бұл мәселені шешуге болады.
«Туристік салада жұмыс істейтін азаматтар үшін қытай тілін үйрететін курстар дайындау керек. Біз бұл мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан емес, экономикалық тиімділік тұрғысынан қарасақ, мол пайдаға кенелуге болады».
Құқықтанушының айтуынша, бұл жоба жүзеге асар болса, онда қытайдан келетін туристердің саны сөзсіз артады. Бұл – біріншіден, елдің иммиджін айтарлықтай жақсартады. Екіншіден, тіл үйрету орталықтарында және аударма саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.