Аида Балаева онлайн платформаларда жалған жарнаманың белсенді түрде көбейіп жатқанына ерекше алаңдаушылық білдірді.
Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Әзиз кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тараптар Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Министр медиа кеңістіктегі, әсіресе әлеуметтік желілер бойынша ақпараттық қауіпсіздік саласында бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол корпорация басшылығына бұл бағыттағы шараны күшейту туралы өтініш айтты.
2025 жылдың басынан бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мониторингі барысында ел заңнамасының 7 689 рет бұзылғаны анықталды, оның ішінде Facebook желісінде – 3 027, Instagram платформасында – 4 662 құқық бұзушылық тіркелген.
Сонымен қатар, министрлік өкілдерімен тығыз байланыс орнатқан Meta компаниясы Facebook желісінен 90%, Instagram платформасынан 51% заңға қайшы контент өшіргенін де атап өткен жөн.
Аида Балаева онлайн платформаларда жалған жарнаманың белсенді түрде көбейіп жатқанына ерекше алаңдаушылық білдірді.
Мұндай тизерлік жарнаманың дереккөзі нақты көрсетілмейді, сондықтан оған дер кезінде ден қою мүмкін болмай тұр, – деді министр.
Сондай-ақ, WhatsApp мессенджеріне де жеке тоқталып өтті. Бүгінде ол да алаяқтық және жалған ақпарат тарату құралына айналып отыр.
Аида Балаева Meta өкілдерінен аталған мәселелер бойынша техникалық шешімдер ұсынуды және платформалардағы контент модерациясын күшейтуді сұрады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көрсетілген мәселелерді шешуге бағытталған арнайы жұмыс тобын құруға келісті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Meta компаниясы Қазақстан ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді.
Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандықтарға интернеттегі сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеді. Еш жерге жеке деректерді жарияламауға, ақпарат көздерін тексеруге, сенімді құпиясөздерді қолдануға, жіберілген хабарламаларға мұқият болуға және күмәнді әрекет туралы хабарлауға шақырады.