Казанцевтің пікірінше, киіктерді жою үшін «бас штаб» құрып, олардың тұшаларын ет комбинаттарына тасып, қажет болса, заңдарды өзгерту қажет.
Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Қазақстандағы киіктердің көбеюіне қатысты жағдайды соғыс жағдайымен салыстырып, жануарларды жаппай қыруды ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сайын даланы мекендеп, судың тұнығын ішіп, жердің сұлуын таңдап көшіп-қонып жүретін киелі киіктен бүгінде шаруаларға келетін шығын шаш етектен. Мәжілісте Ақмола облысы шаруаларының атынан сөз сөйлеген Ғалымхан Сақанов үш ауданның өзінде түз тағысынан 300 мың гектар аумаққа зиян келгенін жеткізді.Ал депутат Павел Казанцев Экология министрлігі айтқан өңірлік штабтан бас тартып, республикалық штаб құру керек екенін айтты. Олай болмаған жағдайда киіктен келер қауіп әзірге сейілмейді. Ол «өңірлер өзіне жүктелген міндетті толық орындамай отыр» деп санайды.
Қандай ұяты бар елміз. Желіде бір-екі сайғақ өлсе, бізді жерден алып, жерге салады. Қазір нағыз төтенше жағдай болып тұр. Ал біз еш әрекет жасамай, ғылыми негіздемелерді сылтаурап отырмыз. Бұл – нағыз соғыс. Ауылдағы әріптестеріміз не айтып жатқанын тыңдайықшы. Біз миллиардтаған халық қаржысын осы шаруалардың шығынын жабуға жұмсап жатырмыз. Бұл – тіпті соғыс емес, шайқас. Оған тез араласуымыз керек. Біз болсақ белгісіз анықтамаларға қарап, үнсіз отырмыз, бұл – ұят, – дейді депутат.
Казанцевтің пікірінше, киіктерді жою үшін «бас штаб» құрып, олардың тұшаларын ет комбинаттарына тасып, қажет болса, заңдарды өзгерту қажет. Сонымен қатар, ол киік етін халыққа тегін тарату, жекеменшік аң аулауға рұқсат беруді ұсынды. Ғылыми қауымдастықтың жануарларды қорғау жөніндегі тұжырымдарын да сынады.
Қорытындыласақ, бірінші мемлекеттік ату болсын. Бірақ ол – теңізге тамған тамшыдай болады. Екіншіден – жеке адамдар да ата алуы керек. Адамдарға неге тегін ет бермеске? Интернетке қарап көрсем, мен аспаз болмасам да, бұл жануардан консерві жасау түк емес. Мен бала күнімнен сайғақтан жасалған консервілер болғанын жақсы білемін. Неге қазір оны дайындамайды?Фермерлеріміз осы жүйеден қажып отыр. Заң кедергі келтіріп тұр ма? Иә, мүмкін. Бірақ төтенше жағдай кезінде заңды да біршама өзгертуге болады ғой. Қажет болса – президент жарлығын да шығару керек. Белгілі бір уақыт аралығында әрбір ауыл тұрғындары мотоциклмен "бипілдетіп" жүріп сайғақтарды үркітпей, мылтығын алып, нақты нұсқаулықпен далаға шығып, ата беруі керек. Бұл жерде ешқандай қорқатын нәрсе жоқ, – дейді ол.